Телімдік жылдамдық артқан

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесінің Павлодар бөлімшесімен шектесер тұсындағы 215,2 шақырымында орын тепкен 2-ші класты Дегелең станциясында Семей локомотив пайдалану депосына қарасты айналым депосы бар.

Локомотив бригадалары ауысым жасайтын, тәулігіне ең-кемі 5-6 ауыр салмақты пойыз жасақталатын станция жұмысы қашан да қауырт. Мұндағы 43 локомотивші уақытпен санаспай еңбек етуге бейіл.

Айналым депосы бастығының орынбасары Әсет Бұтабаевтың айтуынша, дәл қазіргі күні дегелеңдік локомотившілер ЦРБ нұсқауы бойынша «Назар аудар, тежегіш!» атты акция аясында жұмыс жүргізіп жатыр.

– Іргедегі Қаражыра кенішінен көмір тиеу ісі күрт қарқын алған шақта аталмыш шаралардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда берері мол. Оның аясында күн сайын тиісті жұмыстар жүргізеді. Жолсапар барысында депо кезекшісі арнайы нұсқаулықтар беріп отырады. Мұның сыртында жоспарлы тексерістер мен қосымша айлықтар жүргізілуде, – дейді Әсет Нұрланұлы.

Қазіргі күні айналым депосы техникалық жылдамдық бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Оған Дегелең – Жаңа-Семей телімі бойындағы қума жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдың жаңартылуы себеп болыпты. Соның нәтижесінде жылдамдықтың барлық түрі, әсіресе учаскелік қозғалыс жоғарылаған. Жолдың баллдық деңгейінің жақсаруы Дегелең станциясында ұзын жылжымалы құрамдардан тұратын ауыр салмақты пойыздарды сапарға шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Ал, депо бойынша тасымалдау жұмысының көлемі әрдайым 100 пайыздан артық орындалуда. Ел шығысы мен алыс-жақын шет елдерге көмір тасымалдайтын локомотившілерге әрдайым үздік көрсеткішке жету міндет.

– Локомотив шаруашылығы бейқамдықты көтермейді. Оның үстіне дегелеңдік локомотившілердің жауапкершілігі тіптен жоғары. Әрдайым бабыңда болып, қалтқысыз қызмет ету міндет. Жұмыс барысында мүлт кету – үлкен шығын әкелуі мүмкін. Міне, осы орайда локомотив бригадаларының кәсібилігін шыңдау бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бұл шаралар инженерлік-техникалық қызметкерлер үшін де маңызды саналады. Басты мақсат – қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, машинистер өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету. Бұл орайда арнайы әзірленген жоспар аясында желі бойындағы қауіпсіздік жұмыстарын сақтауда локомотив бригадалары бойынша арнайы инструктаждар өткізілді.

Қазіргі күні әр айдағы жұмыстар қорытындыланып, сарапталуда, – дейді Дегелең айналым депосының басшылығы. Қазіргі күні айналым депосының 7 машинисі және іссапармен келген тағы жеті машинист тынымсыз жұмыс жүргізуде. Көмір тасымалы қарқын алған кез-де жұмыс көлемі де арта түскен. Машинистер үшін барлық қолайлы жағдай бар. Мәселен, деподағы демалыс үйі биыл күрделі жөндеуден өткізіліпті. 10 демалыс бөлмесі жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалын жүргізушілер үшін бөлек, жеке-жеке жабдықталған. Қажетті бұйымдар, кондиционер түгел жаңартылып, ас үй гарнитурына дейін арнайы тапсырыспен алынуда.

Мұның сыртында ай сайынғы тораптық жиындар өткізілетін мәжіліс бөлмесі, тамақтанатын бөлме мен дәрігерлердің желі бойына шығатын локомотив бригадаларын қабылдау бөлмесі де толықтай жаңартылған. Өндіріс барысындағы жетістікке бұл шаралардың да оң ықпал етері анық.

– Қазіргі таңда айналым депосы бойынша жылдық индикативті жоспар көлемі 40,23 км/ сағатты құрайды. Ал, техникалық жылдамдық көрсеткіші тек бір ғана Семей-Дегелең-Семей телімі бойынша 45,98 км/ сағат болып отыр. Сол тәрізді Дегелең-Павлодар бағыты бойынша да қолға алынған жұмыстар жоспарға сай оң нәтиже беруде. Бұл бағыттағы межелі шаралардың барлығы айналым депосында Семей локомотив пайдалану депосының басшысы Болат Сейілхановтың жетекшілігімен өтетін жиындар барысында толықтай сарапқа салынып, қорытындыланып отырады, – дейді Дегелең айналым депосының жетекшісі, ТЧЭ-25 бастығының орынбасары Әсет Нұрланұлы.