Қыс маусымына вокзалдардың дайындығы қандай?

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Қала қақпасы саналатын вокзалдар адамдар көп шоғырланатын жер. Сондықтан күні-түні халық арылмайтын стратегиялық нысанның жылдың төрт мезгілінде жайлы, жазда салқын, қыста жылы болуы шарт. Алдағы қыс маусымына вокзал шаруашылығының дайындығы қалай, қандай шаруалар тындырылды? Магистральдық желі дирекциясы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі директоры Абай Досановтан осы және басқа сауалдарға жауап алуға тырыстық.

– «Вокзалдардың қызметі ҚР «Темір жол көлігі туралы» заң шеңберінде іске асады. Қазіргі кезде дирекцияға қарасты 244 теміржол вокзалы және 346 жолаушылар платформасы бар. 2018 жылы Құрылыс-жөндеу бригадаларымен 69 вокзалда ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Себебі, бұл вокзалдардың кемшілігі болды. 2014 жылы заңға өзгерістер енген болатын. Онда мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың кедергісіз жүріп-тұруына арналған пандустардың өз параметрлері болды. Біз осы пандустарды кеңейтіп, талапқа сәйкестендірдік.Есту қабілеті нашар тұрғындар үшін анықтама бюросында индукциялық панел, мүгедектер кресло-арбасы жаңартылып, бұл санаттағы тұлғалар үшін күту залдарында арнайы пиктограммалармен белгіленген орындармен, арнайы санитарлық желімен жабдықталып, есіктер саңылаулары кеңейтілді. Нұр-Сұлтан-1 темір жол вокзалында барлық эскалатор ауыстырылды. Сонымен қатар 2016 жылы біз тұжырымдама жасадық, ол кластан тыс және 1-ші класты вокзалдардағы алаңдарды жалға беру ережесіне қатысты болатын. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК»АҚ сайтында берілген және де бұл байқауға бәрі қатыса алады.

– «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қатал маусым қыр астында. Қыстан қысылмай шығудың қандай амалдары жасалып жатыр?

– Әлбетте, теміржолдың қай шаруашылығы болмасын тәртіп біреу. Сондықтан біз де Компания басшылығының қысқа қамданыс туралы бұйрығын бұлжытпай орындауға міндеттіміз. Нысандарды алдағы 2019-2020 жылдардың қыс маусымына дайындау шеңберінде қабылданған арнайы шаралар жоспары бар. Қазір вокзал шаруашылығы нысандарын жылыту үшін қатты және сұйық отын түрлерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондайақ, қызметкерлерді қысқы арнайы киіммен қамтамасыз ету, жылу трассаларын жылуды сыртқа жібермейтіндей етіп бітеу, вокзалдарға ағымдық жөндеу жүргізу, қазандықтарды электрлі жылыту құралдарымен қамтамасыз ету, кіреберіс топтарын алмастыру сияқты тағысын тағы шаруалар қат-қабат атқарылып жатыр.

– Ағымдық жөндеуден бөлек, күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатқан вокзалдар ше, олар қысқа дейін толық біте ме?

– Былтыр магистральдық желі дирекциясында құрылған құрылыс-жөндеу бригадаларының күшімен биыл 63 ғимаратқа және 17 жолаушылар платформасына ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі күні 15 ғимарат пен 2 жолаушылар платформасында жөндеу жұмыстары аяқталды. Ең үлкен ауқымды жұмыс Қарағанды теміржол вокзалында жүргізіліп жатыр. Яғни, өткен жылы «Камстрой» ЖШС кәсіпорынымен жасалған шарт негізінде Қарағанды теміржол вокзалы осы жылдың соңына дейін қайта құрылымдау жұмыстарынан өтпек. Реконструкциялау жұмыстары барысында жаңа терминал салу, вокзал алаңын ұлғайту, жапсарлас құрылыс салу, ішкі интерьерді жайластыру, абаттандыру тағы басқа шаруалар іске асырылмақ. Атап өтерлігі, бұл жұмыстар жолаушыларға қызмет көрсетуде кедергі келтірілмей, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып ұйымдастырылуда және пайдалануға кеңселерді кезең-кезеңмен тапсыру қарастырылған. Қарағанды вокзалын қайта құрылымдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты биылғы 26 наурыздан 1 қыркүйекке дейін вокзал ғимараты жабық тұр. Соған байланысты вокзал әкімшілігінің барлық қызметкерлері ЭЦ қосыны ғимаратына қоныстанған. Ал вокзал ғимаратының алаңын жалға алып келген кәсіпкерлерге перронда және вокзал маңындағы аумаққа көшуге қосымша келісім жасалған. Жолаушыларға келсек, оларға пойыздарды вокзалға іргелес автовокзалдың күту залында отырып күтуіне жағдай жасалған.

– Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге аспақ?

– Вокзал нысанына келіп кетіп жататын жолаушыларға жоғары сервистік қызмет көрсету - біздің басты ұстанымымыз. Сондықтан біз бір жылға жоспар жасағанда, алдымен күрделі және уақыт талап етіп отырған мәселелерді шешуге басымдық береміз. Мәселен, пойыздарды қарсы алып жөнелту кезінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін шаруашылық тәсілмен Қызылорда және Ақкөл станцияларындағы жолаушылар платформаларына жөндеу жүргіздік, Бурабай курорты станциясындағы жолаушылар платформасы ұзартылды. Қазіргі кезде Өскемен станциясындағы платформаны 150 метрге дейін ұзарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Жалаңашкөл станциясындағы жолаушылар платформасын 350 метрге дейін ұзарту көзделіп отыр. Сонымен қатар кешегі жарылыстан залал келген Арыс теміржол вокзалына көне келбетіне нұқсан келтірмей, жөндеу жүргізу қарастырылып отыр. Сөз реті келгенде, жолаушыларға бір сәт қолайсыз болып көрінгенімен, шын мәнінде, жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін вокзалдарда багажды тексеріп өткізу құрылғылары туралы да айта кетсек. 2017 жылы енгізілген құрылғы арқылы жолаушылардың багаждары тексеріліп өткізіледі. Нәтижесі де жоқ емес, тексеріс барысында суық қару, тағы-тағы қауіпті заттар табылып, тәркіленді, қылмыстық іс қозғалған да жағдай болды. Жалпы еліміздегі вокзалдардың жағдайы жаман емес. Алдағы қысқа көзделген шаруалар толық аяқталады деп сендіреміз.