Семейде жазғы ойындар мәреге жетті

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшылары жазғы спорттық ойындар бойынша өткізілген біріншілікті қорытындылады. Ерлер арасында футболдан ұйымдастырылған кездесу «Ибраев К» вагон жөндеу депосының жасыл алаңында өткен болатын.

Бұл жолғы байрақты бәсекеге теміржолшылардың даярлығы аса жоғары болды. Себебі, бас жүлдені иеленген команда кәсіподақ ұйымының қолдауымен Алматы қаласында өтетін сайысқа жолдама алатын-ды. Сондықтан, біріншілік барлық тораптық станциялар бойынша өткізілді.

Бөлімше чемпионатының ақтық финалында Аягөздегі ПЧ-42 мекемесі мен Семейдегі ШЧ 29 мекемесінің теміржолшылары жасыл алаңға шығып, нәтижесінде семейліктер ұпай санымен анағұрлым басым түсті.

– Шебер ойыншылар арасынан ШЧ-29 шабуылшысы, команда капитаны Қуаныш Қасымов пен ең аз доп өткізген «тас қамал» қақпашы, Шар станциясының аға электромеханигі Ринат Дұғабаев үздік атанып, жанкүйерлер ықыласына бөленді. Олар турнирдің ең үздік ойыншылары атанды, – дейді «Локомотив» спорт клубының спорт нұсқаушысы, ойынның төрешісі Жанат Мойынбаев.

Сайыстың нәтижесінде үшінші орынды «Транстелеком» АҚ филиалы, екінші орынды ЖаңаСемей станциясы иеленді. Ал, бас жүлдені Бейбіт Түменғали жетекшілік ететін Семей белгі берубайланыс дистанциясының футболшылары айқын басымдықпен жеңіп алды. Жеңімпаздар бөлімшенің ауыспалы кубогының иегерлері атанды.

Айта кетсек, семейлік теміржолшылар жуырда Бурабайда өткен, спорттың жазғы ойындары бойынша қорытындыланған республикалық байқауда жүлделі үшінші орынды еншілеген болатын.