Машинист - байқау жеңімпазы

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Жастар жылына орай көлік қызметкерлері күні қарсаңында «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ филиалдарының жас қызметкерлері арасында «Мен теміржол әулетінің мұрагерімін» байқауы өткені белгілі. Байқау қорытындысымен Мақат локомотив пайдалану депосының 2-класты машинисі Нұрлыбек Аралбеков I-дәрежелі дипломмен марапатталды.

Республиканың түкпір-түкпіріндегі теміржолшы жастар қатысқан байқауға жолдаған шығармасында өз әулеті туралы егжей-тегжейлі баяндаған. Әулеттің еңбек жолы мен өмір сүру салтын теміржолмен сабақтастырған. Қалай ата- баба бастаған жолды әке-шешесі жалғап, бүгінгі таңда аға-інілерімен үшінші буын еңбек етіп жатқандарын, бәрін-бәрін әсерлі етіп әңгімелеген. Аралбековтер әулетінің теміржолдағы жалпы өтілі 300 жылды құрайтынын көрсеткен.

«Аралбековтер жанұясы атамыз Асаннан тараған, отбасындағы 3 ұл, 2 қыз және олардан тараған немерелер – барлығы теміржолшылар. Осы теміржол саласында еңбек еткен аталарымның, ағаапаларымның, бауырларымның еңбек өтілі 298 жылды құрайды. Атамыз Асан Қызылқоға өңірінде 1906 жылы дүниеге келіп, сонау ашаршылық кезінде 1927 жылдары (Үйшік) Гурьев қаласына келіп байдың мұзын ойып отбасын асыраған екен, 1936 жылдары Мақатқа қоныс аударып жол дистанциясында жол жөндеуші болып жасаған, кейін кондуктор болған...» деп бастаған ол бір атадан тараған әулет теміржолшыларын түгел тізіп шыққан. Өз әкесі Жұмабайұлы Тарғын да 1982 орта мектепті бітіргесін еңбек жолын жол жөндеушіден бастапты. 1985 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келгесін, депода машинист көмекшісінен бастап машинист, машинист нұсқаушысы, жөндеу-шебері, технолог, бас технолог, директордың пайдалану жөніндегі орынбасары, техникалық бөлім бастығы, өндіріс жөніндегі орынбасар лауазымдарын атқарып, «Адал еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет құрмет грамотасымен марапатталған.

Аралбековтар отбасы 2016 жылы Астанада өткен республикалық конкурсқа қатысып, «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған, сол кездегі ҚР денсаулық министрі Тамара Дүйсенованың қолынан арнайы диплом алған.

Міне, 1990 жылы осындай теміржолшы отбасында дүниеге келген Нұрлыбек әрине, мектептен соң бірден тепловоз машинисі көмекшілерін даярлау курсын бітіріп, еңбек жолын 2009 жылы Мақат локомотив пайдалану депосында тепловоз машинистінің көмекшісі болып бастады. 2011 жылдан тепловоз машинисі, қазіргі таңда 2-класты машинист, жолаушылар тасымалын жүргізеді. Байқау жеңімпазы ретінде ол 150 мың теңгелік сертификатқа ие болып, оны бөлімше басшылығы бүкіл ұжым алдында табыс етті.