Тек отандық өнім төселуде

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе жол дистанциясына қарасты Тамды – Ақкемер теміржолының 15,8 км жол телімінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып жатыр. Ескі ағаш шпалдар орнына темірбетон салынып, отандық рельстер төселуде. Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде алдағы уақытта бұл телімде пойыздар қозғалысының жылдамдығы артады деп күтілуде.

16 шақырымға жуық жол табанына күрделі жөндеу жұмысы жоспарға сай жүргізілді. Жол дистанциясының ұжымы күрделі құрылыспен айналысуға мамандаған мердігер компания жұмыстарының тиянақты атқарылуын қадағалауда.

– Қазір 15,8 шақырымдық Тамды – Ақкемер жол теліміне күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды деуге болады. Жөндеу жұмыстарында адам ресурстарына көп салмақ түспеді. Басты басымдық сапалы техникаға беріліп жатыр. Ауыр жүктерді көтеріп түсіретін арнайы крандар бар. Сөгіп алынған ағаш шпалдар арнайы техникамен көтеріліп алынса, жаңадан салынатын темірбетонды шпалдар кранмен түсіріліп қойылып жатыр. Қол еңбегін жеңілдететін техниканың арқасында жұмыс өнімділігі мен сапасы артты, – дейді Ақтөбе жол дистанциясының бастығы Кеңес Нұртаев.

Жөндеу жұмыстарында адами факторға көп күш түспегенімен, мердігер компания жұмысшылары да, жол дистанциясынынң жолшылары да тиянақты да тындырымды жұмыс істеуде. Дистанция басшысы олардың қатарында жол шаруашылығында 20 жылдан бері тер төгіп келе жатқан майталман мамандар Ерсұлтан Қалабай, Жұмағазы Сәдуақасов, Ерлан Ниетбаев, Нұржан Арықбаев, Сержан Арықбаев, Серік Бітімбаев сынды жолшылардың еңбегін ерекше атап өтті.

Жалпы, дистанция штатында 372 адам болса, оның 172-сін жолшылар құрайды, олар 12 жол шеберінің теліміне біріктірілген, тағы 50-ден аса түрлі жол машиналарының механизаторы бар екен.

– Балластар қиыршық таспен, ағаш шпалдар темір бетонмен ауыстырылып жатыр. Сосын су жаңа рельстер төселеді. Қолданылып жатқан құрылыс материалдарының барлығы – отандық өнім. Рельстер өзіміздің Ақтөбе арқалық зауытынан шығады. Жүз метрлік рельстерді өзіміз жалғап, 500-700 метрге дейін созамыз. Барқыт жолдар осылай пайда болады. Мұндай жолдар қозғалыс қауіпсіздігі мен пойыздар жылдамдығын арттырады, –дейді жол салып жатқан мердігер компания «Теміржол жөндеу» мекемесінің басшысы Сергей Нұрбергенов.

Жасалып жатқан жұмыстардың бәрі техника мүмкіндігімен атқарылуда. Бірінші кезеңде, ескі жол сөгіліп алынып, орны арнайы техникамен тазартылады. Одан кейін техникамен қиыршық тас төселіп нығайтылса, үшінші кезеңде техникамен темірбетон шпалдар салынады. Рельстерді арнайы техника орнықтырып, бекітеді. Жол қозғалысқа ашылмас бұрын дистанция мамандары барлық жұмыстарды мұқият тексеруден өткізеді.

Мекеме басшысы Кеңес Нұртаевтың айтуынша, енді Ақтөбе жол дистанциясында 5 шақырымдай жерде ғана ағаш шпалдар бар. Қалған жолдың барлығы темірбетонға ауыстырылған. Алдағы уақытта Ақтөбе – Жіңішке тақ жолындағы ағаш шпалдар темірбетонға ауыстырылмақ.