Жол шаруашылығы: біткен істің міні жоқ

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыруды кәсіби міндеті санайтын теміржолшыларға биылғы аптап ыстық жаз жеңіл тиген жоқ. Бірақ 35 градус ыстық қызылордалық жолшылар мен белгі берушілерге станциялық жолдағы 39-шы бағыттамалы бұрманы техникалық талапқа сай ету жұмысына кедергі келтірген жоқ.

Сары жилет киген теміржолшылар аптап ыстықты елемей қызу жұмысқа кіріскен. Біреулер бастарына күнқағар киіп қорғанған болса, біреулері шыжғырған ыстықты елер емес. Олар – Қызылорда жол дистанциясының жолшылары, жол бригадирі Жомарт Дәненов бастаған топ, 5-разрядты жол жөндеуші Дәулет Садықов, 6-разрядты жол жөндеуші Рақымжан Әлімбаев пен Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі Әбдіғали Орынтай. Олар станцияның оңтүстік шығыс бөлігіндегі бағыттамалық бұрманың ауытқуларын қалпына келтіру жұмыстарын жасауда.

– Бүгін дистанция басшыларының тапсырмасымен 39-бағыттамалы бұрманың ауытқуын орнына келтіріп жатырмыз, бұрма сергасындағы металл тетікті алып шаблонды 24 мм-ге келтірдік. Бұл «встречный переводтағы шаблонды қайта жапсыру», яғни негізгі техникалық талап бойынша қажетті 1520 мм-лік өлшемнен ауытқуды тексеріп, қайта қалпына келтіру жұмысы, қазіргі таңда бұрманың 1529 мм болып ауытқуын өзгертіп, 1520 мм-ге келтіріп, қайта қатайтып бекітіп жатырмыз. Жұмысты жолшылар мен байланысбелгі берушілер бірге атқарудамыз, жауапкершілік бәрімізге ортақ, – деді жол бригадирі Жомарт Дәненов. 

Жол жөндеушілермен бірге бағыттамалық бұрманың өлшемдерін алып, бірге жұмыс жасап жүрген Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі Әбдіғали Орынтай да өзіне бекітілген жұмыстарды атқаруда.

– Менің жұмысым бағыттамалық бұрманы жөндеген жолшылармен бірге гарнитурдың болтын босатып, отжим тексеру, ол дегеніміз бағыттамалық бұрманың рамалық рельске жанасып кірігуін, яғни қуысқұлақ арқылы тексеріп, бағыттамалық бұрма ұшын 2 ммлік өлшемде жауып, бағыттамалық бұрманың техникалық талапқа сай болуына бақылау жасау, – деді электромеханик Әбдіғали Орынтай.

Қос дистанцияның теміржолшылары бірігіп бір бағыттамалық бұрманың ақауын жөнге келтіріп болып, құралсаймандарын жинастыра бастады. «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деген осы.