Аталар даңқы өшпейді

Шежірелі Шалқар жеріне алғаш теміржол тартылған өткен ғасыр басында іргетасы қаланған мекеменің бірі – Шалқар локомотив депосы. Аудан теміржолшыларының «қара шаңырағы» атанған депо тарихы оның даңқты тұлғаларымен құнды дер едік.

Көп жылдар осы мекемеде еңбек етіп, өздерінің жастығы мен жігерін теміржолдың осы бір қиын да күрделі саласына арнаған Құрметті теміржолшылар депода көптеп саналады. Олардың қатарында, мысалы қазақ ұлтының ішінде ең алғаш депо бастығына дейін өскен Асанов Әбдірахман, механикалық цехтың шебері болған Тілеуқұлов Жүсіп, электротележкалы цехтың жөндеушісі болып көптеген шәкірттер тәрбиелеген Қани Жұмағұлов, Қаналы Сырлыбаев, т.б. құрметті теміржолшылар есімі депо тарихында латын әріптермен жазылып қалды.

Бүгінде Шалқар локомотив жөндеу депосы ретінде даңқты еңбек жолын жалғастырып отырған кәсіпорын директоры Жұбатов Нұржан Убайдоллаұлы ардагер теміржолшылар салып кеткен сара жол бүгінгі ұрпаққа да жұғысты екенін айтады. Соңғы 2-3 жылда Қазақстандағы 18 локомотив жөндеу деполары арасында үздіктер қатарында көрініп, «Қамқор менеджмент» ЖШС қарасты барлық деполар арасында қауіпсіздік техникасын сақтау, тепловозды ақаусыз жөндеу, цехтардың ішкі тазалығы, ұжымдағы тәртіп көрсеткіштері салыстырмалы түрде қорытындыланып, нәтижесінде Шалқар локомотив жөндеу депосына «Алтын каска» сыйлығы табыс етіліп, ұжым еңбегінің жоғары бағалануы оларға жаңа серпіліс, қосымша күш, тың талпыныс сыйлады.

Қазіргі таңда депо мүлдем жаңарып-жаңғыртылған, цехтардың барлығына сапалы еврожөндеулер жүргізілген, депо ауласына ағаштар мен гүлдер отырғызылып көгалдандырылған. Сонымен қатар асхана, жуынатын бөлмелер (душ) салынып, жұмысшы-қызметкерлердің қажетін өтеуде.

Ғасырдан астам тарихы бар депо ұжымының жетістігі көп. Депо спортшылары аудандық, облыстық деңгейде өткізілген түрлі спорт шараларына қатысып, жүлделі орындармен марапатталып келеді. Ауданда өткізілген қайырымдылық шараларында мұқтаж жандарға материалдық көмек ұйымдастырып, халық алғысына ие болудан да көпке үлгі.