Ақтөбе теміржолының орталық мұражайы: ғасырдан жеткен жәдігер

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Қазақ теміржолының ғасырлық тарихынан сыр шертетін мұражайлар барлық аймақта бар. Жол бөлімшелерін былай қойғанда тағылымды тарихы бар деполар мен байырғы мекемелер өз музейімен мақтана алады. Ақтөбе теміржолының орталық мұражайында 350-ден аса құнды жәдігер бар. Олардың арасынан бір ғасырдан астам тарихы бар көне теміржол бұйымдарын көруге болады.

Теміржол басқармасының бір қапталында орналасқан музейге қызығушылық танытып қала тұрғындары мен студенттер жиі келеді. Оларға бәрі қызық,бәрі таңсық, пойыздың шағын макеттері, шойыннан құйылған қоңыраулар және ерте кездегі машинистердің формасы, теміржолшылардың қолшамы мен тіпті патшалық ресей заманындағы ауыр дискілі телефондардың өзі қайталанбас дүние.

Музейдің кіреберісінде Елбасының қолы тиген жез қоңырау тұр. Оны 2014 жылы Қазақстан жеріндегі маңызды темір жол құрылысы – Қостанай облысындағы Алтынсарин станциясы мен Ақтөбенің Хромтауы арасын байланыстырған магистральдің ашылу салтанатында соққан. Содан бері бұл қоңырау жаңа теміржол бөлімшелері ашылған кезде салтанатты шараға пайдаланылып жүр екен. Заманауи үлгідегі қоңырауда ескі дауыс сақталған.

Музейде тепловоз, паровоздардың шағын бөлшекті құралдары түпнұсқа ретінде сақталған. Сонымен қатар, кішкентай макеттері де бар. Сондай-ақ, Ақтөбе вокзалының алғаш салынған жылдардағы келбетін де көруге болады.

Музей меңгерушісі Анар Жұбаеваның мәліметінше, Ақтөбе теміржолына қарасты бұл мұражай 1989 жылы жасақталыпты. Онда қазір 350 жәдігер сақталған. Олардың жартысы тарихи құжаттар болса, жартысы – ұстап көруге болатын бұйымдар. Көне жәдігерлермен қатар тәуелсіздікпен келген темір жолдың жаңа технологиялық даму жылдарынан сыр шертетін арнайы зал бар. Онда АлтынсаринХромтау теміржолының макеті, Қазақстанда баламасы жоқ Ақтөбе рельсарқалық зауыты, соңғы салынған Бейнеу-Жезқазған темір жолының Шалқар-Тассай учаскесі, т.т. бар. Және жаңа технологиялық мүмкіндіктермен қосылатын теміржол картасын да осы жерден көресіз.

«Мұндай музей барлық бөлімшеде жоқ. Ақтөбе музейінің ерекшелігі жәдігерлердің түпнұсқасы сақталған. Кеңес дәуіріндегі қазақ темір жолының иісін сезуге болады. Және көлемі жағынан Қазақстандағы теміржол музейлерінің алдыңғы қатарында. 1884 жылы Қазақстанға теміржол батыстан кірген. 130 шақырымдық Орал-Слобода жолы Қазақстан аумағына кірген алғашқы теміржол болып саналады. 1903-04 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы салынған», – деп мәлімет берді музей қызметкері.

Ақтөбе жол бөлімшесі қырқыншы жылдарға дейін Орынбор теміржолының құрамында болған. Кейін 1958 жылы құрылған Қазақ теміржолының құрамында болса, 1977 жылы үшке бөлінгенде Батыс Қазақстан теміржолына енген. Қызылорда, Гурьев, Орал бөлімшелері орталығы Ақтөбеден басқарылған. 1997 жылдан Қазақстан темір жолының бір бөлімшесі ретінде өзінің даму жолын әрі қарай жалғастырып келеді.