Көмір тасымалы: меже 10 млн тонна

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүкіл ел аумағында көмір тасымалы қарқын алған шақта Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты учаскелік станция саналатын 2-класты Дегелең станциясының атқарар жүгі ауқымды. Себебі, мұнда күллі ел шығысын жылумен қамтамасыз ету мақсатында көмір тиеу мен жөнелту ісі атқарылады.

Станция, сонымен қатар, іргелес елдер мен бірқатар шет елдерге де қатты отын тиелген вагондар жөнелтеді. Ал өткен жылдан бері ұлттық компания басшылығының шешімімен көмір тасымалын жазғы маусымға ауыстыру мұнда біршама қарбалас тудырғанмен тиімділігі аса жоғары екендігін дәлелдеді. Бүгінгі Дегелең станциясында 4 кірме жолмен 6 қабылдап-жөнелту жолдары бар. Мұның барлығы жүк айналымын жоспарға сай жүзеге асыруда іркіліс тудырмау үшін қолайлы. Дегенмен, қара суық түсісімен еліміз бойынша орын алатын «көмір безгегі» дегелеңдік теміржолшыларды өз жұмыстарын ширатып, өндіріске біршама өзгерістер енгізуге мәжбүрледі. Соның нәтижесінде болар, өткен жылдан бастап, көрсеткіштер де күрт қарқын алды.

– Былтыр біз 108 мың 386 вагоннан тұратын, 7 млн 554235 мың тоннаның көмірін тиеп, жөнелттік. Бұл көрсеткіш алдыңғы 2017 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға жоғары. Биылғы меже бұдан да арта түспек. Себебі, ең ірі клиентіміз «Қаражыра» компаниясы жаңа техникалар алу арқылы өндіріс көлемін біршама ұлғайтып отыр, – дейді Дегелең станциясының бастығы Талғат Баширов.

Көмір тасымалы көктем мен жаздың басында біршама саябырлағанымен қазіргі күндері біртіндеп қарқын алып келеді. Өткен жылы тәулігіне 490 вагон көмір тиелген кездер болғанды. Биылғы көрсеткішті бұдан да жоғарылату көзделуде. Дәл бүгінгі күні аталмыш станциядан тәулігіне 350 немесе 480 вагоннан тұратын жылжымалы құрамдар жылдам құрастырылып жолға шығарылуда. Станция басындағы маневрлік жұмыстардың барлығы жеделдетілген түрде жүзеге асырылады. Дегелеңдіктер қос бағытқа қызмет көрсетеді. Вагондарды номерлеріне сәйкес желінің қос тарапына бөліп, Семей мен Павлодар бағытына пойыздар әзірлейді. Бұл ретте станция кезекшілеріне жүктелер жауапкершілік зор.

– Тәулігіне ең кемі 5 жылжымалы құрамды жасақтап жолға шығарамыз. Мәселен, дәл қазіргі күні қабылдау мен атқару пойыздарымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыдан соң бірден маневрлік тәсілмен вагондарды жинап, ең кемі 6 мың тонна болатын ауыр салмақты пойыздарды құрастыруға кірісеміз. Дәл бүгінгі күні аса қарбалас жоқ. Көмірге тапсырыс көбейген кезде жұмыс та қыза түседі, – дейді станция кезекшісі Қуаныш Султаков.

Дегелеңде транзиттік пойыздар саны да көп. Локомотив бригадалары осында ауысып, тәулігіне 15-16 пойыз жолға шығарылады. Көмір тиеу үшін жиналатын вагондар станция басында кептеліс тудырмас үшін қозғалыс жиілігін жылдамдату қажеттілігі жоғары. Техникалық үдеріс барысын назарда ұстап отырған ДСП операторы Гүлжан Қайыржанова пойыздарды қабылдап алу мен жөнелтуде, машинистерге өкім беруде, жылжымалы құрамдарды жолға даярлауда ауысым қызметкерлері үшін қарбалас әлі алда екенін айтады.

– Осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын бұл станция Дегелең аталмай тұрып, осында қызметке орналасқан едім. Ол кезде Конечная атты тұйық станция болатын. Салыстырмалы түрде алсам, ол кезден бері станциямыздың қызметі жүз пайызға мүлде өзгерді. Тіпті, жыл сайын түрлі жаңашылдықтар орын алып, көрсеткіштер көлемі де айтарлықтай артып келеді, – дейді Гүлжан Әбілқайырқызы.

Қазіргі күні станциядағы жұмыстар барысында айтарлықтай проблемалар жоқ. Вагон жеткілікті. Дегелеңдіктер көмір тиеуде жоспарға үлгеріп жұмыс жүргізуде. Станцияның жүк цехындағы коммерциялық қатынастар барысы да қадағалауда.

Күллі бөлімше бойынша жүк тасымалының 50 пайызынан астамын еншілейтін Дегелең станциясының теміржолшылары көмір тиеу бойынша биылғы жылды да жетістіктермен қорытындылаймыз деген ізгі үмітте. Таяу жылдарға қойылған басты меже – жылына 10 млн тонна көмір тиеп жөнелту.