Ер есімі – ел есінде

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Аягөз өңірінде еңбектері ерлікке бергісіз теміржолшылардың қатары қай заманда болмасын мол болған. Бүгінгі буын сала қызметкерлері олардың есімдерін ұмытпай, әрдайым өнеге етуде. 

Жуырда Аягөз белгі беру және байланыс дистанциясы мекемесінің жанынан соғыс ардагері, «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері, Құрметті теміржолшы Қыдырма Арқабаевқа арналған ескерткіш тақта ашылды.

Шараға Аягөз тораптық ардагерлер ұйымы мен Айдос Жұлдызбаев басқаратын ШЧ-30 мекемесі ұйытқы болған еді. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне жиналған аягөздік теміржолшылар, Қыдырма Иманғалиұлының көзкөрген әріптестері мен шәкірттері, туған-туыстары даңқты тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

– Ол осы салада 40 жылдан аса уақыт еңбек еткен, теміржол байланысы саласының аңызы атанған тұлға. Себебі белгі беру және байланыс саласына жаңашылдықтар әкеліп, өндіріске тың тәсілдер енгізудің шебері болды, – дейді шәкірттері.

Расында, өткен ғасырдың 1950-60 жылдары Қыдырма Иманғалиұлының өндірістегі көрсеткіштері алдымен Қазақ теміржолына, кейіннен күллі КСРО теміржолы телімдері бойынша үлгі ретінде ұсынылып, қолданысқа енгізілген екен. Мәселен, 1957 жылы Аягөз-Ақтоғай телімі бойында тәжірибе ретінде диспетчерлік орталықтандыру құрылғыларын орнатып, оның қызметін тек бір ғана электромеханик жүргізе алатындай әдістеме қолдану оның бастамасымен жүзеге асыпты. Кеңес дәуірі тұсында белгі беру және байланыс саласында ұлты қазақ кадрлардың да жетістікпен еңбек ете алатынын ісімен дәлдеген бірегей тұлға.

Қазіргі таңда Арқабаевтар династиясының байланыс саласындағы еңбек өтілдері 230 жылдан асады екен. Қыдырма Иманғалиұлы ұлдары Алшын мен Аршынды осы салаға бейімдеп, теміржолды атакәсіпке айналдырған.