Маңғыстаулық теміржолшыларға аптап ыстық та кедергі емес

Маңғыстау жол дистанциясы үшін биылғы жыл оңайға соқпады. Ми қайнатар аптап ыстықтың беті айлап қайтпады. Бірақ жолшылар үшін бұл көрмей жүрген құқай емес, сондықтан үйреншікті жұмыстарынан жаңылмай, ыстықтан темір екеш темір балқып жатқан кезде жол күтімін жасап, телім бойын жағалап жүр...

Дистанциядағы 8 жол телімі учаскесінің бірін Құрметті теміржолшы Тұтқабай Оңғаров басқарады. 60 км жолдың күтімін жасап жүрген елуден астам адамның жұмысына жауапты. Яғни, төрт жол шебері, үш бригадир, төрт өткел кезекшісі, бір техник пен қырық тоғыз жол монтері бар. Телім бастығы жазғы кестеге орай жолшыларды ағымдағы жол күтімін жасаудан өзге жұмысқа жекпейді. Себебі, мынадай аптап ыстықта пойыздар жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол табанын талапқа сай ұстап отырудан артық міндет жоқ екенін ол жақсы біледі. Сондықтан жолшыларға артық салмақ жүктемейді. Биылғы мың шпалды жаңарту жоспарының да күзге дейін жүзеге асатынына күмән жоқ. Май айында 260 шпал ауыстырылыпты. Айтуынша, алғашқы жартыжылдықтағы нәтиже жақсы. Жол күтімінің баллдық бағасы да ойдағыдай. Айына екі рет жүріп өтетін жол өлшегіш вагонның мәліметі бойынша қай жерде ақау, қай жерде қауіп бар, жолдың кем-кетігін түзеп отырады. Сол жұмыстың бәрін   учаске бастығы өзі обход жасап тексеріп отырады.

Шетпе жол дистанциясында қатардағы жолшы болып 1995 жылы еңбек жолын бастаған Тұтқабай Тұрымұлы Асан Байжанақов, Оңайбай Жалғасбаев, бригадир Жолдас Дәуітов, Әділхан Сақтағанов сынды мықты теміржолшылардан көп нәрсе үйренген екен.

− Мені кәсібімнің қыр-сырына үйреткен сол жандардан көріп-білгенімді өзімнен кейінгілерге беруге тырысамын. Теміржол тәртіпті сүйеді. Мұнда босаңсу, бос жүру мүмкін емес. Кейбір мамандықтар сияқты кейін немесе ертең істеймін деу жоқ. Жүктелген міндетті өз уақытында және тиянақты орындау керек деп жас әріптестеріме айтудан жалықпаймын. Тыңдар-тыңдамас, құлақтарына құя берем. Себебі қазір көп жастар «смартфон» ауруына шалдыққан. Түскі үзіліске шыққанда телефондарымен «табысып», шұқшиып отырады. Ал біз үзіліс уақытын да тиімді пайдаланып,тамақтанған соң демалып отырғанда ұстаздарымызға нұсқаулық, кәсіпке қажетті технологиядан сауал қойып, өзара жарысып, тіпті сол үшін бір-бірімізбен сөзге келіп те қалатынбыз. Жастарға жауапкершілік жүгі бәрінен ауыр болу керек екенін сіңіргім келеді, – дейді Құрметті теміржолшы.

Тұтқабай Оңғаров 43 жасында Құрметті теміржолшы атанды. 2013 жылы өзіне тиесілі жол телімін бірнеше жыл бойы талапқа сай, мінсіз ұстағаны үшін «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» белгісімен марапатталған. Екі жыл бұрын «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін тақты.

− Жол шаруашылығына алғаш келген кезім. Әділхан Сақтағанов мастер, бізді аяқалысымыздан-ақ білетін. Мені тәрбиелі маманға бекітіп беріп, үйретуді тапсырды. Жұмысымды қадағалап қарап жүрді, білмегенімді үйретті. Көп ұзамай екінші разряд беріп жол монтеріне ауыстырды. Монтерлықта жүрген кезімде теміржолшылар мерекесіне орай ПТЭ-дан жарыс ұйымдастырылды. Қатысып, үшінші орынды жеңіп алған мен үшінші разряд алдым. Кейіннен Ақтөбеде алты ай бригадирдің оқуын оқып келдім. Сол Шетпеде үш жыл жол бригадирі, тағы үш жыл мастер болып еңбек еттім. 2010 жылы Маңғыстау жол дистанциясына мастер болып келдім, – дейді бүгінде учаске бастығы Тұтқабай Оңғаров.