Семейлік теміржолшылар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті

Семейлік теміржолшылар арасында байырғы сала ардагерлері, Құрметті теміржолшылармен жүздесіп, өнегесін тыңдау дәстүрге айналған. Бұл игілікті үрдіс биыл да жалғасын тапты.

Жуырда бөлімшенің кәсіподақ ұйымы мен ардагерлер кеңесі бірлесіп, еңбектен абырой тауып, табысқа жеткен қариялар қауымын арнайы шақырды. Олардың қатарында заманында қажырлы еңбегімен елге танылған Құрметті теміржолшылар Байғара Абаев, Қабдырахман Байғалиев, ұзақ жылдар бойы табысты еңбек еткен Нағима Мойынбаева сынды сала ардагерлері келген болатын.

Алғашқы сөзді алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанындағы консультативтік кеңес мүшесі, бөлімшедегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, құрметті теміржолшы Қырықбай Әлсейітов бүгінгі таңда компания бойынша қолға алынып жатқан шаралар, жалпы теміржолдың болашағы жайлы әңгіме өрбітіп, семейлік теміржолшылар да саланы дамыту жолында аянбай еңбек етеріне сенімді екендерін білдірді.

Ал бөлімше басшысы Марлен Көкрекбаев аға буын өкілдерін Семей өңірінде жүзеге асып отырған тың жаңалықтармен таныстырып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Құрметті теміржолшылар осындай шара ұйымдастырып, мерекеге орай көңілдерін аулаған бөлімше басшылығы мен кәсіподақ ұйымына алғыс айтып, баталы тілек білдірді.