Үй жануарларын тасымалдау ережесі өзгере ме?

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Жолаушы пойыздары арқылы тек адамдар ғана емес, ит-мысық сынды ұсақ үй жануарлары да сапар шегеді. Қазақстанда жолаушылар тасымалы ережелері бойынша ұсақ үй жануарларын пойызбен тасымалдау тек купеге рұқсат етіледі, сонымен қатар бір купені тұтас сатып алуға тиіс. Бұған, әрине сүйікті иті мен мысығын алып жүретін жолаушылар да, қазақстандық жануарлар қорғау орындары мен кинологтар да қарсы...

Осы мәселе бойынша өткен аптада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжановтың төрағалық етуімен өткен жиында «Жолаушылар тасымалы» АҚ, жекеменшік тасымалдаушы компаниялар өкілдері, сонымен қатар ҚР ИИДМ жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Аида Жексенова және қазақстандық жануарларды қорғау қауымдастығының өкілі Лилия Сәрсенова, «Атамекен» ҰКП логистика және тасымал департаментінің сарапшысы Дархан Мұратханов бас қосты.

Шағымданушы тараптың айтуынша, Алматыдан Петропавлға дейін бір купелік орын 10 мың болса, ондағы 4 орын итін немесе мысығын алып жүретін адамға 40 мыңға түседі екен. Ал егер ол жолаушы төрт аяқты досымен барыпқайтатын болса, сапар оған 80 мың теңгеге түспек.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, өзге елдерде үй жануарларын тасымалдау үшін тек қосымша алым алынады екен, ол бар болғаны бір билеттің жарты ақшасына тең. Аида Жексенова осы мәселені үй жануарларын ұстайтындар атынан көтерді. Олар тым болмаса көрші елдердегідей жеңілдетілген жүйе енгізілсе деп сұрайды. Әсіресе, кинологтар қауымдастығы иттерді көрмелерге апару үшін пойызбен әрі-бері қатынауда осындай қиындықтарға ұшырайды екен.

– Әлем елдерінде кәрзеңкеге итті салып алып, иесі тек өз орнына билет алады да, сосын жануар үшін ғана қосымша төлеп сапар шеге береді. Ит кәрзеңкесімен бірге төменге иесінің қасына қойылады. Орын алмайды. Әлем елдері 2018 жылдан бастап үй жануарларын тасымалдауда билет алудың жаңа жүйесіне көшті. Онда ұсақ үй жануарлары контейнерлерге салыну керектігі, оған жануарлар үшін алым алынатындығы, яғни бөлек орын сатып алынбайтыны көрсетілген. Бұл өзгерістер Қазақстандағы жануарлар тасымалына әлі енгізілмей отыр. Тіпті көрші жатқан Өзбекстан, Украина, Тәжікстан осы өзгерістерді қабылдады, – дейді Аида Жексенова. Үй жануарларының тасымалына қатысты өзгерістер туралы тиісті органдарға хат жолдаған ол өзіне қайтарылған жауапқа қанағаттанбайтынын жеткізді. 

Бұл мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келе жатыр екен. Алдымен қоғамдық кеңесте сөз болған. Ол кезде министрлік өкілдері болған. Олар осы жылы жаңа жұмыс тобын құру туралы уәде еткен. Алайда күтіп-күтіп, болмағасын Аида Жексенова Индустрия және инновациялық даму министрлігіне шағымданған. Олардың берген жауабында Қазақстанда темір жол көлігімен облысаралық қатынаудың орташа ұзақтығы 12 сағатты құрайтыны, қаламаңы жолаушылар тасымалында жануарларды тасымалдау оларды арнайы қорапшада алып жүрген жағдайда рұқсат етілетіні жазылған. Темір жол көлігінің айырмашылығы, мұнда жолаушылар тасымалы шектеулі кеңістікте көп адаммен, ұзақ қашықтыққа жүзеге асырылады. Соған байланысты үй жануарларын алып жүру жолаушылар үшін қолайсыздық пен жайсыздық туындатып, олардың шағымдануына әкеледі. Себебі олардың арасында ит-мысықтың өзін түгілі иісін жақтырмайтындар, олардың жүнінен аллергиясы қозатын адамдар болуы әбден мүмкін. Бұл мәселе 2019 жылы темір жол қызметінің нарығындағы жаңа субъектілердің өзара іс қимыл технологиясы және нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бойынша жұмыс тобының аясында қарастырылады делінген.

– Жауаптан байқағаным, ережелер бәрібір өзгертілмейді. Жолаушыларға бұл қолайсыздық туғызады. Адамдардың жануарларға қатысты пікірін, көзқарасын өзгерту керек. Адамдардың бойында жануарларға деген сый-құрметті тәрбиелеу қажет. Бұл жағдайда иті немесе мысығы бар азаматтардың құқығы аяқасты болып отыр, – деп санайды Аида Жексенова.

Нақты ұсыныс ретінде олар пойыздардың соңғы вагондарының бірінен арнайы орындар үй жануарларын тасымалдауға арналғандығы белгіленіп, көрсетілсе, бірақ ол орындар жалпы жолаушылар сатылымда да тұра берсе, тек осы орынды таңдағанда жолаушыларға бұл орындардың жануарлар тасымалдайтын орынмен көрші екені ескертілсе, билет алу-алмау өз құқығы деген ойларын жеткізді. Ондай жағдайда адамдардың төрт аяқты досы сапар шегетін купеден көрші болып билет алу не алмауды жолаушының өзі шешеді, ең бастысы ол күнібұрын ескертіледі, жеңілдетілген бағамен билет алуға болатынынан да хабардар болады.

Жиынға қатысып отырған жан-жануарлар құқын қорғаушылар Қазақстан теміржолы өкілдеріне осындай механизм енгізуге өтініш білдірді. Сонымен қатар арнайы қорапшаға салынған үй жануарының салмағына қарай оған жүк ретінде ақша төлеу жағын қарастырса деген ойларын да жеткізді.

Жолаушы тасымалдаушы компаниялар өкілдері қай жағынан алып қарағанда да бұл мәселенің реті келмейтінін, себебі олар үшін ең бастысы жолаушылардың жағдайын жасау, халықтың көңілінен шығып, онсыз да күрделі болып тұрған жолаушы тасымалы сервисі маңыздырақ екенін, ал екінші тарап ұсынған өзгерістер енгізу техникалық жағынан еш мүмкін емесін түсіндіруге тырысты. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас менеджерлері Қазбек Такешов, Ботагөз Әкімова және «Nomadas» ЖШС бригадалармен жұмыс бойынша сектордың бастығы Гүлмира Марденова өз тәжірибелері мен бүгінгі жолаушылар тасымалындағы ерекшеліктер мен қазақ халқының менталитетіне қатысты пікірлерін білдірді.

Отырыс төрағасы ҚР ИИДМ көлік комитеті өкілінің шешімімен осы айдың аяғына дейін тараптардың осы мәселеге қатысты ұсыныстарын жинақтап, ортақ бір шешімге келу, оны министрлікке таныстыру және әрі қарай шешу керектігі тапсырылды.