Табандық тежегіш – қатаң есепке алынатын инвентарь

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бойынша қозғалыс қауіпсіздігіне байланысты айлық шаралары биылғы жылы да жоспарға сай жалғасын табуда. Міне, 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында «Есте сақта, табандық тежегіш – қатаң есепке алынатын инвентарь» деп аталатын кезекті айлық тұсауын кесті.

Жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігі үшін маңызды фактор болып табылатын табандық тежегіш айлығын өткізудегі мақсат – компанияда табандық тежегіштердің жоғалуы, қолды болуының алдын алу, сондай-ақ оны дұрыс қолдануға бақылау жасау.

Айлық барысында аймақтардағы барлық компания филиалдарына шараны өткізу бойынша жеделхаттар жолданды. Соның негізінде Жүк тасымалы бөлімшелерінің басшылары арнайы бұйрық шығарып, айлық аясында жасалатын шаралар жоспарын бекітуде. Жоспарға сай жер-жерде аншлагтар ілініп, айлықтың өткізілетіні туралы барлық қызметкерлер құлағдар болды. Селекторлық жиындарда шараның жоспары таныстырылып, станция, вагон пайдалану және локомотив пайдалану деполары бастықтары тежегіштерді тексеруге шығады. Осы мекемелердің әрқайсысы 3 қосымша тексеру жүргізуі қажет. Әр филиалда қанша тежегіш бар, олардың жарамдылығы қандай, таңбалары соғылған ба, оларды сақтау орындарының жағдайы қалай, соның бәрі қаралып, кемшіліктер қорытынды жиында айтылады. Акт толтырылып, ол компания басшылығына жолданады. Айлық бойынша жасалған толық жұмыс нәтижесі 9 қыркүйекке дейін жинақталып, тиісті орындарға жіберілуі керек. Тежегіштер сұрыптау дөңесінде вагондарды тежегіш құралы ретінде пайдаланылады. Бұл маңызды құралдың екі бортты және бір бортты болып табылатын 2 түрі болады. Екі бортты тежегіш әлдеқайда мықтырақ келеді, ол рельс тізбегіндегі қозғалып бара жатқан вагонды тоқтатуға қолданылады. Олармен жұмыс істейтін вагон құрастырушылар болғандықтан айлық барысында осы кәсіп иелерінің біліктілігі де арттырылмақ.