Көпсатылы сайыстар басталды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Осы аптада «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ-да биылғы жастар жылына орай қолданбалы көпсатылы сайыстар басталды. Қоғамның еліміздің түкпір-түкпіріндегі филиалдарынан жиналған 12 команда көп жерде өткізіле бермейтін ерекше жарыстардан өзара бақ сынады.

Бұл жарыстарды атап өтер болсақ, әскерилер екі күн бойына «Байкал» тапаншасы мен «Сайга» карабинін толықтай және толық емес күйде шашып-жинау, бір жері сынған адамға алғашқы көмек беру, зардап шеккен адамның аяғына лангет қою, керіліп тартылу, қолды жерден көтере бүгіп жазу, 100, 500, 1000 метр ұзақтыққа жеңіл атлетикалық жүгіру, қол күресі, тапаншамен атудан жарысады.

Осындай сынақтардан тұратын жарыстың ашылу салтанатында сөз алған қоғамның бас директоры Қабдулкарим Әбдіқазимов күзет қызметінің сайыпқырандарына сәттілік тіледі.

– Қоғамның дене тәрбиесі және сауықтыру, спорттық жұмыстар саласындағы корпоративтік саясаты жұмыскерлердің салауатты өмір салтын сақтауын насихаттау, олардың денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бастаманы кәсіподақ ұйымы көтерді, басшылық тарапынан қолдап отырмыз. Себебі дәл осы қолданбалы көпсатылы жарыс түрлері біздің қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмысымызға аса қажет, қызметімізбен тығыз байланысты. Өңірлерден келген әріптестерге қош келдіңіздер дейміз, бұл бізде биыл алғаш бастау алған жарыс әрі қарай жалғасын табады деп сенемін, – деді ол.

Одан әрі жарыстың ашылуына арнайы келген «Қазпрофтранс» ҚБ ұйымдастырушылық және халықаралық жұмыстар департаментінің директоры Нұрлан Нұрпейісов те жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал жарыстың өтуіне тікелей мұрындық болып отырған «ӘТЖК» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Ескенов әскерилердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін бұл жарысты басшылықпен келісе отырып жылда өткізіп отыру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

Сонымен салтанатты ашылу рәсімінен кейін жарыс қаруды шашып-жинау, медициналық көмек көрсету, керіліп тартылу, қолды жерден көтере бүгіп жазу бойынша сынақтармен басталып кетті. Бірнеше күнге созылатын жарыстың қорытындысы көлік қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында шығарылып, марапаттау рәсімі өткізіледі.