Семейде мүгедек болып қалған теміржолшылармен кездесу өтті

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Биыл Семей ЖТ бөлімшесінің басшылығы кәсіби мерекеге орай ерекше әлеуметтік шара ұйымдастырды. Өндірісте еңбек етіп жүріп жазатайым оқиғалар салдарынан мүгедек болып қалған теміржолшылармен кездесу өткізді. Сонымен қатар, еңбек орнында қаза болғандардың үйлеріне барып, марқұмдардың жақындарымен жүздесті.

Бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шыққан байырғы еңбеккерлерді арнайы қабылдады. Дөңгелек үстел басында өткен әңгіме барысында Марлен Кәрімұлы олардың әлеуметтік хал-жағдайларын сұрастырып, қолдан келген көмекті беруге әзір екендіктерін білдірді. Олар тиесілі әлеуметтік көмек пен медициналық қызмет түріндегі жеңілдіктерін тұрақты алып тұратындарын жеткізді. Биылғы жылы зейнетақыларына үстеме ақы да қосылып жатыр екен. Әрине, кешегі теміржолшылар бұл мүмкіндікті пайдаланып өздерін толғандырып жүрген проблемалары мен қиындықтарын да жеткізіп, көмек сұрағандары да болды. Жиын соңында кездесуге келген байырғы теміржолшыларға арнайы әзірленген мерекелік сыйлықтар тарту етілді.

Ал бұл күні Семей ЖТ бөлімшесінің кәсіподақ төрағасы Асхат Жармұхаметов пен өндірістік қауіпсіздік қызметі бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Бекзат Кәрімханов өндіріс барысында қайғылы қазаға ұшыраған теміржолшылардың үйлеріне барды. Олардың туыстарына, отбасына амандасып, көңіл-күйлерін біліп, әлеуметтік ахуалына назар аударды. Өткен жылы қайғылы қазаға ұшыраған Дегелең станциясының пойыз құрастырушысы Байбосын Асабайдың отбасы ұлдарының кешегі әріптестерін көріп, көз жастарына ерік берді. Өндіріс барысында жүк көлігінің маневрлік пойызға соқтығысуынан мерт болған 25 жасқа да толмаған өрімдей жастың анасы: «Ұлым теміржолшы боламын дегенде ризашылығымды беріп едім. Соңы мұндай болар деп ойламадық. Тым болмаса артында тұяқ та қалмады.Қазаға ұшыраған кезде отбасымызға түскен ауыртпашылықты теміржолшылар көтеріп алды. Ол үшін аналық алғысымды айтамын. Жыл сайын теміржолшылардың кәсіби мерекесі күндері осылай көңіліміз босайды», – деп күрсінді.

Қамкөңіл анаға басу айтқан теміржолшылар арнайы апарған мерекелік сый-сияпаттарын тарту етті.