Журналист бір күн бойы байланыс саласындағы жұмысын атқарды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Теміржолшылар мерекесі қарсаңында байланыс саласы қызметкерлерінің, соның ішінде белгі беру құралдарын жөндеу телімі бастығының қарамағында бір күнімізді өткіздік. Мақсат – теміржолдың маңызды саласында жұмыс істеудің қандай екенін сезініп көру.

Любовь Михайловнаның салада 39 жылдық тәжірибесі бар, білікті басшы санаулы айдан соң зейнеткерлікке шыққалы отыр екен. Жөндеу технологиялық телімі бастығының жұмысы таңғы 9-да жалпы дистанция бойынша дауыс зорайтқыш арқылы жүргізілетін селекторлық жиыннан соң өзіне қарасты топтардың аға электр механиктерін жинап, бір күнгі жұмыс күнін жоспарлаудан басталды.

Любовь Желнерчиктің қарамағындағы 30 қызметкер түйіспелі, түйіспесіз аппарат жөндеу бойынша топтар және құрылғыларды кешенді ауыстыру цехы, метрологиялық бригадаларға бөлінген. Сол бөлімдердің аға электр механиктері телім бастығының алдына келіп, бүгінгі жоспарларымен бөлісті де, әрі қарай жұмыстарына кірісті. Олардың бірқатары перегондар арасындағы құрылғыларды ауыстыруға жөнелтілсе, қалғандары күн сайын 8 сағат бойына бөлінген жоспар бойынша құрылғылар жөндеумен айналысады.

– Ал мен немен айналысамын? Менде әр аптаға бөлінген тапсырма бар. Одан бөлек нормативке сай ай сайын жасайтын жұмыс жоспарым толық жасалған. Мәселен, айына бір рет ДЦ постын тексеріп отыруым керек. Апта сайынғы тексерулер қатарына жөндеуден шыққан аппаратураның сапасын тексеру жатады. Яғни, оларды мен әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері барып тексеремін. Басқа жұмыс күйіп бара жатса да, мен жөндеуден шыққан аппаратураның 5 пайызын болса да тексеруім қажет. Сөйтіп қыздарымның қалай жұмыс істегенін көремін. Ескертулерімді беремін. Соның барысында анықталған кемшіліктер болса, техникалық сабақта үйретемін. Аптасына бір рет сапа, айына бер рет норматив, тоқсан сайын барлық цехтар, айына екі рет еңбек қорғау саласы тексеріледі, – дейді жұмыс ретімен таныстырып өткен телім бастығы.

Дистанцияның бүгінгі таңдағы қызмет көрсету аумағы 239,07 км және сол аумақтағы 12 станцияда қолданыстағы 54 мың дана құрылғы, жабдықтардың жарамдылығы бойынша жауапкершілік Любовь Михайловна басшылық ететін телім қызметкерлерінің мойнында. Олар орташа есеппен жылына 9 мыңға жуық құрылғы жөндейді екен.

Түсінгенім, байланыс саласында ең алдымен электр монтері қызметінен бастайсың, бұл деңгейде көбіне құрылғыларды тазалау жұмыстарымен айналысасың, одан әрі біліктілік жинаған соң электр механигі қызметіне көтеріліп, құрылғыларды жөндеумен айналысасың, сосын тағы көтеріліп қабылдап алушы электр механигі атанып, жөнделген құралдарды қабылдап алуды білесің. Қорытындылай келе, белгі беру-байланыс саласының жұмысы оңай емес, ал құрылғылар күтімі одан да жауапты жұмыс екеніне көз жеткізу қиын емес.