Теміржол жөндеушінің міндеті қандай?

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Бүгінде Қазақстан темір жолы – ірі тасымалдаушы ғана емес, қазіргі заман талабына сай дамып келе жатқан көшбасшы компания. Жолаушылардың қауіпсіздігі, қозғалыс жылдамдығы, тіптен жолдағы адамдардың көңіл күйі тасымалдаушылардың жұмысымен тікелей байланысты десек, қателеспейміз.

Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған теміржолшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында бір сәтке сары жолақты күртешені кидік. Рельс-шпалды жолды жағалап, темір бекітпелерді қолмен бұраған монтерлер жұмысын жанымызбен ұғынып, жауапкершілігін сезінуге тырыстық. Басымызға қорғаныш каскасы мен күртешені киген соң жол жөндеушінің міндетін арқалап жол шебері Жұмағазы Сәдуақасовқа ердік.

Теміржолдағы еңбегін 1995 жылы бастаған Жұмағазы Сәдуақасов 2004 жылдан бері жол шебері. Ол маған үлкен отбасының қамқор әкесіндей көрінді. Әр жолшының ісін тексеріп, пысықтап, қадағалап, тиісті жерінде ақыл-кеңесін айтып жүреді екен. Мені де тиісті «инструкциядан» өткізіп алған соң бүгінгі күнге белгіленген жұмысқа кірістік.

Зілдей ауыр сом балға мен бұрғыштарды көтеріп, жалғанған рельстердің беріткігін тексеріп, қаттырақ бекітіп жатқан жолшылар тірлігі екі сағатқа созылды. Рельс бойынан әр 25 метр сайын екі жағынан төрт-төрттен қойылған түйіспе болттарды қатайтасың. Төрт адам төрт жерден ыждаһаттап кран қозғалысына ілесуге тиіс. Осылайша бір күнде бірнеше шақырымды игеруің керек. Әр маман өз қызметін үнсіз жасап жүр. Сөйлесуге, әңгіме айтуға ешкімнің уақыты жоқ. Әркім өзіне бекітілген жұмысты атқаруда. Мен де соларға ілесіп, көмектескен болып, шындығында кедергі келтіріп жүрген сияқтымын ба қалай...

Бір сәтке жол жөндеуші қызметін атқарып, мамандықты сезінуге мүмкіндік берген теміржолшыларға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілеп, қош айтыстық. Себебі көп кедергі келтіруге рұқсат жоқ.

Темір жол десе көз алдымызға екі иығынан демалған алып тепловоздар мен үйдей вагондар, цистерналар келеді. Көбіміз онымен тек жолаушы ретінде ғана таныспыз. Ал бүгінгідей күннің 40 градустан асқан аптап ыстығында аңызақ мидай далада асай-мүсейін сүйреп жол жамап жүрген жолшылар жұмысының ауырлығы мен азабын кім біліпті? Осыны сезген сәтте кеудемді оларға деген мақтаныш сезімі кернеді... Мың алғыс саған, қымбатты теміржолшы!