Станция кезекшісі – қозғалыс командирі

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Мен өзімді станция кезекшісі ретінде сынап көрмек болып, Ақжайық станциясына бардым. Станция кезекшісі – ауысымдық жұмыс, ал оның негізгі міндеті – пойызды қабылдау, жөнелту, келген пойыздармен операциялық жұмыстарды жүзеге асыру, вагон депосы жұмысшыларымен бірге вагонды тексерген соң жолға дайындау, т.б.

Станция кезекшісін «станцияның жүрегі» деп бекер атамаса керек. Мен өз «жұмысымды» темір жолда 38 жыл еңбек өтілі бар Әлжанов Рамазан ағамен бірге атқардым. Таңертең келгеннен әуелі станция басының жағдайы қаралды: қанша пойыз келіп тұр, қанша вагон бар, қай жолдарда олар қалай тұр, башмактар қойылған ба, жолдар, бұрмалардың жағдайы қалай, осының бәрін аралап келіп, станция бастығы мен орынбасарларына мақсатты нұсқаулықтан өтуге бардым. Онда қанша пойыз келіп тұр, қай вагондарды қайда жіберу керек, бірінші кезектегісі қайсы, реттілігі қалай деген мәселелер сөз болып, бірқатар тапсырмалар берілді.

Сол күні таңертең ерте Мақаттан құрылыс материалдары тиелген, құрамында 50 вагоны бар пойыз келді. Ол мәліметті вагондарды бөлу операторлары станция кезекшісіне алып келді.

Станцияда ТЧЭ-3 депосының екі тепловозы жұмыс жасайды. Келген вагондарды сұрыптап, кірме жолдарға бөлдік. Станция кезекшісінің бөлмесінде 4 байланыс телефоны бар, олар – машинист, пойыз құрастырушы, диспетчермен байланыс және дыбыс күшейткіш арқылы сөйлесу телефондары. Негізгі жұмыс, әрине, станция кезекшісі, пойыз құрастырушылар мен машинистер арқылы атқарылды. Арасында диспетчер де тапсырма беріп отыр. Станция кезекшісінің алдында «Ауысым кестесі» деген үлкен график-кесте тұр, онда вагондардың әрбір қозғалысы сызылып-жазылып отырады. Таблода станция жолдары көрініп тұр, қызыл жолақтағылары «вагондар тұр» дегенді, ал түссізі «бос жолдар» дегенді білдіреді. Енді осы вагондарды станцияға жалғасатын 41 кірме жолдың бірнешеуіне сұрыптап апару керек. Ол жұмысты пойыз құрастырушылар мен машинистер станция кезекшісінің айтуымен атқарады. Сағат 11 шамасында жаңағы 50 вагонға қоса Атырау станциясынан құрамында 11 вагоны бар пойыз келді. Олар бос тұрған 5-ші жолға қойылды. Біраздан соң 27 вагон тағы келді. Жалпы станцияда 7 қабылдап-жөнелту жолы бар, бірақ бәрі де қысқа жолдар, 50-55 вагон ғана сыяды. Мұнда сырғытып жіберетін дөңес жоқ. Сол себепті көп уақыт маневрлік жұмыстарға кететіні белгілі болды. Станция кезекшісі кірме жолдар иелерімен де хабарласып, қақпаны ашуды, пойыз келе жатқанын да айтып отырады екен. Станция кезекшісі «Диспетчерлік тапсырмалар», «Жолды қарау, бағыттамалы бұрма, СОБ құрылғылары, байланыс желілерін қарау», «Тежегіш башмактарын есепке алу», «Пойыздар мен локомотивтер қозғалысы» журналдары, «Пойыздарға ескерту беру» кітабын да толтырып отыратыны оларға артық салмақ деп бағаладым. Бұл жерде олардың міндетін станция кезекшісінің көмекшісі бөліседі екен. Кенет станцияда жарық өшіп қалды, ол – жазғы ыстық кезінде Атырауда жиі болатын құбылыс. Бірақ бірден қосымша генератор қосылып, автоматты түрде барлық құрылғы іске қосылды.

Сол мезетте байланысшылар келіп, байланысты қайта-қайта тексерді. Станцияға жарты күнде қанша вагон, цистерна келді, олардың ұзындығы, салмағы қанша, түгел жазып отырдық. Машинистер мен вагон құрастырушылар біраз вагондарды сұрыптап, кірме жолдарға жіберді, 10 вагон «Ақжайық-7» мекемесіне жөндеуге келген екен, ол да уақытылы жөнелтілді. Станция кезекшісі күні бойы бір тыным алмай, жаңағы төрт телефонмен үнемі байланыста болды. Оны сырттай бақылап қана отырған мен станция кезекшісінің жұмысы тіпті де оңай емес екен деп ой түйдім. Жауапкершілігі өз алдына, ағымдағы бақылау жұмыстары да шаш етектен. Ауысымды тапсырар уақытта станция кезекшісімен түні бойы кезекшілікте болғандай шаршапшалдығып шыққанымды жасырмаймын. Теміржолшылардың шыдамы мен төзімі арқасында теміржолдағы бүкіл қозғалыс бір жіптің бойына тізілгендей еді...