ШҚО-да вокзалдар жаңаруда

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша вокзал шаруашылығы саласында жазғы мерзімге жоспарланған жұмыстар қатары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі күні Аягөз, Шар, Жаңа-Семей және Семей станцияларындағы теміржол бекеттері толықтай санитарлық тазалық талаптары бойынша жаңа кестемен жұмыс жүргізуде.

Вокзал шаруашылығы бойынша ауқымды шаралар әсіресе, Жаңғызтөбе станциясындағы байырғы теміржол бекетінде орын алуда. Түрксіб дәуірінде салынған алып құрылысқа биыл ұзақ күттірген күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, ғимараттың төбесі ауыстырылып, шатыры толықтай жаңартылып, қайтадан жабылды. Бұдан өзге нысан ішінде қолайлылық үшін әжетхана салынып жатыр. Осыған дейін теміржолшылар мен жолаушылар дәл осы мәселе бойынша әсіресе қысқы күндері біршама қиындық көріп келген болатын.

Қордаланған мәселелер қатары осылайша биыл шешімін табуда. Мұның сыртынды вокзал ғимаратының қасбеті талапқа сай әрленуде. Бекеттің сыртқы келбеті соңғы жылдары мүлде жаңартылмаған болатын. Дәл осындай қайта жаңғырту жұмыстары осыған дейін Жаңа-Семей станциясында жасалынған еді. Вокзал шаруашылығы бойынша желі бойындағы нысандардың барлығына жауапты мамандармен бірге арнайы рейд жүргізіп шыққан Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов орын алған кемшіліктерді жою үшін шектеу мерзімін қабылдаған болатын. Күзгі комиссиялық байқау өткенге дейін межелі шаралар толығымен аяқталады деп күтілуде.

Сол тәрізді жолаушылар нөпірі мол Семей теміржол бекеті бойынша абаттандыру бағытында межелі іс-шаралар қолға алынды. Бұл ретте, «Семей-тазалық» мекемесімен қосымша келісімшарт жасалынған. Яғни, вокзалдан әр күн сайын қоқыс шығарылады. Ал перрон басындағы жабайы сауда толығымен жойылды. – Қазіргі таңда жүргізілген есеп бойынша, Семей теміржол вокзалынан тәулігіне 22502280 жолаушыға дейін өтеді екен. Қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Мұның сыртында қауіпсіздік талаптары да жоғары деңгейде. Жолаушылар тарапынан шағым түскен емес, – дейді Семей вокзалының бастығы Ержан Құрманалыұлы.