Маңғыстауда теміржолшыларының мерекесі қалай өтті

Қазыналы түбек теміржолшыларының мерекесі жаңадан ашылған Маңғыстау мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Алыс-жақыннан келген сала қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері алдында сөз алған Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директоры Нәжімеден Ғұбашов әріптестеріне ізгі тілегін білдірді.

«Теміржолдағы жұмыстың қиын да күрделі екеніне қарамастан абыроймен еңбек етудеміз. Аузымызға алалық, ісімізге шалалық түсірмей, жетістіктерге жетіп келе жатқанымыз сіздердің арқаларыңыз», – деді бөлімше бастығы теміржолшыларға қарата.

Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров та теміржолшыларға ақ тілегін арнап, озаттарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен аудан әкімдігі атынан Құрмет грамоталарын тапсырды. Ардагерлер атынан Құрметті теміржолшы Қожахмет Уәзіров құттықтап сөз сөйлесе, жастар атынан Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша осы жылы бітіріп, жолдамамен жұмысқа келген Құрық станциясының тауар кассирі Руслан Сайлаубаев ізгі тілегін білдірді. Еңбек жылын Жастар жылында бастап жатқан ол қажырлы еңбек етіп, мықты теміржолшы болуға көптің алдында уәде етті.

Шара одан әрі марапаттауға ұласты. Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің өңірлік бас ревизоры Болат Дүйсәлиев пен «Қазтеміртранс» АҚ Маңғыстау аймағы бойынша вагон паркі бөлімінің бастығы Бақыт Тұрымов «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бірнеше теміржолшы «Кәсібі бойынша үздік», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерін тақты. Берік Ізденов, Нұрлыбек Құрбанбаев, Жиенғали Аллашов, Мырзагелді Сәрсенғалиев, Райымбек Шынтеміров, Жәнібек Исанов, Бақтияр Халилов, Ұбайдолла Ерманов, Серік Исабеков, Нұрсұлтан Қожанов, Дінислам Қанабиев, Бейнеу айналым депосының жөндеушісі Мәди Қалиманов сынды бірқатар үздік вагон қараушылар мен пойыз құрастырушыларға «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» белгісі табысталды.