Атыраулық теміржолшылар кәсіби мерекені жоғары жетістіктермен қарсы алды

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атыраулық теміржолшылар кәсіби мерекені биыл жоғары жетістіктермен қарсы алды. Бірқатар теміржолшылар еңбегі түрлі марапатпен аталып өтті. Мақат локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Е.Өтеғалиев пен Құлсары жол дистанциясының өкілі И.Жаманшиев Компания басшысы С.Мыңбаевтың қолынан «Құрметті теміржолшы» белгісін алды.

Сонымен қатар, бөлімше бойынша жүзге тарта маман – тепловоз машинистері, вагон қараушылар, байланысшылар, электрмен жабдықтау мамандары, пойыз диспетчерлері, жолсеріктер, қозғалыс қауіпсіздігі инженерлері, кадр мамандары, т.б. «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Үздік маман» төсбелгілерімен, Алғыс хаттармен марапатталып, бөлімше Құрмет тақтасына іліну мәртебесін иеленді.

Мерекеге орай өткен салтанатты шараны ашқан Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Мағауия Оразқұлов, магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Елеубай Сапаров, ардагерлер кеңесі төрағасы Есенаман Дабысов әріптестерін мерекемен құттықтап, жылдың қай мезгілі болсын уақытпен санаспай еңбек ететінін теміржолшы мәртебесін биік ұстап жүрген жандарға алғыс айтты. Ел экономикасында елеулі орын алатын теміржол саласы қызметкерлерінің еліміздің өркендеуіне қосып жатқан үлесін атап өтті.

Биылғы жарты жылда бөлімше жоғары жетістікке жетті, ол әрине сіздердің еңбектеріңіз. Пайдалану жұмысының қорытындысы бойынша 14 көрсеткіш орындалды, атап айтқанда жүк айналымы 102,8%-ке, жүктерді тиеу 104%-ке, вагонның орташа тәуліктік өнімділігі 105,3%-ке, жүк вагонының орташа тәуліктік жүрісі 103,6%-ке, жұмыс вагоны айналымының орташа уақыты 104,3%-ке, локомотивтің орташа тәуліктік өнімділігі 105,3%-ке, локомотивтің орташа тәуліктік жүрісі 103,7%-ке, пойыздың орташа салмағы 101,3%-ке, жүк пойызы қозғалысының орташа учаскелік жылдамдығы 102,3%-ке, жүк пойызы қозғалысының орташа техникалық жылдамдығы 101,3%-ке орындалды. Бөлімшенің жүк өткізу қабілеті мен техникалық қуатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде вагондарды қабылдау-жөнелту тездетіліп, жұмыс та жеңілдеді, – деп ақпар берді Мағауия Амантайұлы.

Шара соңы теміржолшы жастардың мерекелік ән-жырына ұласты.