Ақтөбелік теміржолшыларды көлік қызметкерлері күнімен құттықтады

Ғасырлық тарихы бар Қазақстан теміржолы бүгінде өзгелермен терезесі тең тұрып, иық тірестірер дәрежеде. Бұл – теміржолшы болып еңбек ететін қазақстандықтардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осындай құрметке ие атаулы мамандық иелері өткен аптада кәсіби мерекелерін атап өтті.

Ақтөбелік теміржолшыларды Көлік қызметкерлері күнімен құттықтаған бөлімше басшысы Бөріхан Беркімбаев биылғы жылғы жетістіктерге тоқталды. «Ақтөбе ЖТ бөлімшесі 16 пайдалану көрсеткіштің 15-ін орындады. Жүк айналымы 100 пайызға, жүк тиеу 100,2 пайызға орындалды. Бұл – осы салада жұмыс жасап жатқан қарапайым жұмысшылардың еңбегі. Мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер», – деді Бөріхан Сматуллаұлы.

Шара барысында салада абыройлы еңбек етіп, ел қошеметіне бөленген теміржолшы ардагерлерге құрмет көрсетіліп, кәсібінің озаты атанғандар түрлі марапатқа ие болды. Соның ішінде «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған танымал әулеттің өкілі Елғондин Қонысбек Шүйіншібайұлы – Ақтөбе жол дистанциясының ғана емес, бүкіл теміржолшылар мерейін үстем ететін маман. Ал осыған дейін «Құрметті теміржолшы», «Үздік басшы» төсбелгілерін таққан Серік Екібаев «Үздік байланысшы» атанды. Тағы біраз теміржолшылар Құрмет грамотасы мен Алғыс хат алды. Биылғы жастар лагерінің үздік аруы атанған Әйгерім Ақмамбетова да назардан тыс қалмады.

Мерекелік кеш көңілді тапқырлар клубында белсенді өнер көрсетіп жүрген жас теміржолшылардың әншашуымен аяқталды.