Жамбылдық теміржолшылар кәсіби мерекелерін атап өтті

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бүгінде мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтып, көлік логистикасы мен темір жол машиналарын жасау саласының дамуына сүбелі үлес қосумен қатар, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, олардың кәсіби және жеке тұлға ретінде дамуына қолайлы жағдай жасау да компанияның басым бағыттарының бірі болып отыр.

Өткен апта кәсіби мерекелерін атап өткен жамбылдық теміржолшылар өз кәсіби мерекесін үлкен салтанатпен атап өтті. Мәжіліс залында өткен салтанатты шараны Жамбыл ЖТ бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков ашып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Теміржолшыларды құттықтауға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров биыл 80 жылдығын атап өткелі отырған Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне теміржолшылардың да үлесі зор екенін жеткізіп, Жамбыл бөлімшесінің зейнеткерлері Қапай Айдарханов, Мұхаметқұл Дәулетбеков, Жамбыл жол дистанциясының ардагері Қырғызбай Ибраимов, Жамбыл сигнал беру және байланыс дистанциясының ардагерлері Бауыржан Найманбаев, Баймұханбет Сәлібаев, Тараз локомотив жөндеу депосының ардагері Қазбек Терлікбаевты «Облысқа еңбегі сіңген үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Ал Жамбыл жол дистанциясының монтері Жұмабек Каликулов теміржолшылардың салалық марапаты «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталып, мерейі үстем болды. Сондай-ақ, бірқатар теміржолшылар еңбегі ҚР Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің, ҚТЖ басшысының Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен атап өтілді.

Салтанатты жиын облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік шара «Түрксіб» мейрамханасының аумағына тігілген киіз үйлер қалашығында жалғасты. Мұнда теміржолшылар үшін спорттық шаралар ұйымдастырылып, балаларға арнайы аттракциондар тегін қызмет көрсетті.