Арыс батырлар қаласы болуға лайық

Бүгінгі таңда күллі Қазақстан халқының назарында тұрған Арыс қаласы шын мәнінде Батырлар қаласы деуге лайық. Кешегі жойқын жарылыстан соң ес жиып, қалпына келіп жатқан бұл шаһардың ғасырдан астам тарихы бар. Күні кеше Үкімет басшысы Асқар Маминнің Арысқа кезекті сапары барысында қала тоқсан пайыз қалпына келтірілгені мәлім болды.

Олардың қатарында мектеп, аурухана сынды маңызды әлеуметтік нысандар мен теміржол және байланыс сынды инженерлік желі инфрақұрылымдары да бар.

Осы жолғы сапарында Арыс-1 теміржол вокзалында болған Үкімет басшысы тарихи нысанның жай-күйімен жете танысып, сол күні жақын маңда жарылған снаряд зардабы вокзалға қаншалықты нұқсан келтіргеніне көз жеткізуге тырысты. Үкімет қорғауындағы ерекше сәулеттік ескерткішке жататын нысан сырт көзге бүтін, бірақ қасбетінің әне жер-міне жері бүлінген, жарықшақтар пайда болып, жалпы ғимарат шөге бастағаны белгілі болды. Жүргізілген тексеріс вокзалдың тек косметикалық жөндеумен қалпына келмейтінін көрсетті. Сондықтан Асқар Мамин вокзалға жөндеу жүргізетін «А-Спецстрой» ЖШС-не 1904 жылы салынған бірегей архитектуралық нысанның тарихи келбетін сақтап жөндеу жұмыстарын жүргізуді ескертті.

Арыс станциясының тарихы 1900 жылы құрылысы басталған Орынбор-Ташкент теміржолымен тамырлас. Елді мекен теміржолмен қатар салына бастады. 190205 жылдары алғашқы тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік ғимараттардың құрылысы жүрді. Соның бірі – Арыс вокзалы. Міне, содан бері бір ғасырдан астам уақыт мызғымай тұрған ғимараттың әлі де іргетасы берік, сүйегі мықты, уақыттың небір сынына төтеп беріп келеді.

Арыс – ежелден теміржолшылар қаласы. Орта Азияның қақпасы, кешегі кеңес заманында Арыстың «маршруттар фабрикасы» атанған даңқы Одаққа танымал, кезінде социалистік жарыста көштің алдын бермеген. Осы алақандай Арыстан бес бірдей Батыр шыққан, олардың үшеуі – теміржолшылар. Олар Арыс станциясы алдындағы «Батырлар аллеясында» сап түзеп тұр.   

Міне, кешегі Арыс оқиғасы талай теміржолшының ерлікке пара-пар еңбегін паш етіп, Арыс батырларының қатарын тағы да арттыра түскен сынды. Кешегі теміржолшылардың кәсіби мерекесі – Көлік қызметкерлері күніне орай саланың ең жоғары марапаты «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болғандар қатарында алапат жарылыс зардаптарымен арпалысқан арыстық теміржолшылар да бар. Арыс станциясы бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Эдуард Дербісов, автоматтандырылған сұрыптау дөңесінің бастығы Нұрлан Жүнісов, Арыс локомотив пайдалану депосының бастығы Қалдыхан Өтегенов, Арыс жол дистанциясының жол шебері Ерік Маханов «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталса, тағы бірқатар теміржолшылар «Кәсібі бойынша үздік», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілеріне, Алғыс хат пен Құрмет грамоталарға ие болды.