Тараздық теміржолшылар «Таза Қазақстан» үшін

Ел үкіметі мен азаматтық қоғам бастамашылдығымен елімізге кеңінен таралған экологиялық акцияға тараздық теміржолшылар да белсене қатысуда.

120 теміржолшы мен болат жолға жақын орналасқан үйлердің 70 тұрғыны, сондай-ақ, 30-ға жуық балалар қатысқан айтулы шара барысында акцияға қатысушылар Тараз қаласы аумағынан өтіп жатқан су каналын қоқыстан тазартты, екі көше канал жағасындағы күл-қоқысты түгелімен жойды. Сөйтіп, барлығы бес жүк машинасымен қоқыс шығарылды. Сонымен қатар еріктілер қалалық скверді тазалап, мұнтаздай тап-таза қылумен қатар, орындықтарды жөндеп, сырлады, қала берді ағаштардың өлі бұтақтарын кесіп, түптерін әктеп және балалар алаңдарын қызыл-жасыл бояулармен бояп, көзтартарлық әдемілік сыйлады.

– Акция жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Теміржолшылар мен халықтың күш біріктіріп, ұйымшылдық танытуының арқасында аумақты тазарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, – дейді Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Анатолий Ким.

Экологиялық десант қатысушыларының балаларына арнап шара кезінде ойындар, байқаулар, сыйлықтар және дәмді тартулар ұйымдастырылды. Шараны ұйымдастырушылар мұндай акциялардың өткізілуі халықтың экологиялық мәдениетін көтере түсетініне сенім білдіріп отыр. Еске сала кетсек, «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Үкімет басшысы Асқар Мамин старт берген болатын. Бұл экочеленджді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдаған болатын. Ал акцияның басты мақсатына келсек, ол республикадағы экологиялық акцияны жақсарту болып отыр.