Қосалқы қызмет табысты арттырды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі биылғы жылдың бірінші жартыжылдығын жақсы нәтижемен аяқтады. Жүк тиеу көлемі жоспардан асыра орындалып, пайдалану көрсеткіштерінің бәрі жақсарған.

Өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда тиелген жүк көлемі 352 мың тоннаға өскен. Мамандардың айтуынша, номенклатуралық жүктер өскен: қара металл жоспарға қарағанда 9,9 мың тоннаға, қара металл сынықтары 13,8 мың тоннаға, құрылыс жүгі 357 мың тоннаға артық тасымалданған.

Пойыз қозғалысының кестесі бойынша жартыжылдықта жолаушылар пойыздарының келу кестесі 98%-ке орындалып, өңірге кесте бойынша 12 515 пойыз келгені белгілі болды. Оның ішінде 252 жолаушылар пойызының 468,7 сағатқа кешігу дерегі тіркелген. Ал осы уақыт аралығындағы жүк пойыздарының қозғалыс кестесі 94,6%ке орындалған.

«2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жоспарланған 24,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Талдысай-Құдық-Жем аралығындағы 8,9 шақырымдық жұп жолының жұмысы толық аяқталды. Тамды-Ақкемір өткелінде 15,8 шақырым жолға күрделі жөндеу жүріп жатыр», – дейді бұл туралы Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім басшысы Жасұлан Рсқалиев.

Бөлімше жартыжылдықта қосалқы қызметтен 124 млн 986 мың теңге табыс тауыпты. Кіріс көзі 190,3 пайызға, екі есе артық орындалып тұр. Ал негізгі жоспар 65 млн 665 мың теңге болатын. Сонымен қатар мекеменің шығыны да азайып отыр. Жүйелі жұмыс пен тиянақты аяқталған сапалы қызмет нәтижесінде мекеме шығысы үш есеге дерлік қысқарған.

Мамандар бүгінде қозғалыс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесін басты назарға алып отыр. Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінде бірінші жартыжылдықта өндірістік жарақаттану оқиғасы мүлде тіркелмеген.

«Магистральдық желі бөлімшесі бойынша бір жазатайым оқиға орын алған. Маусым айында электр жабдықтарын жөндейтін слесарь-электрик электр тогымен жарақаттанды. Оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр», – дейді Жасұлан Рсқалиев.

Айта кетерлігі, бөлімшеде инфрақұрылымды күтіп ұстау бойынша жоспарланған барлық жұмыстар жоспарға сай орындалды. Соның ішінде байланыс желісінің жай-күйі жақсы деңгейде бағаланып отыр.