Билет неге жоқ? Қауесет пен шындық

Меруерт Умирзакова

Меруерт Умирзакова

Жаз. Жолаушылар тасымалы шарықтау шегіне жеткен кез. Пойыздарға билет табу мәселесі «күйіп» тұр, барлық бағытқа билет деген қасқалдақтың қанындай тапшы, болса да алыпсатарлар қолында, бағасы шарықтап кеткен. Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында үкіметке жаз маусымында қолдан жасалатын билет тапшылығын жоюды тапсырды. Біз өз кезегімізде осы билет дауы төңірегіндегі әңгіменің ақиқатын анықтап, шындығына көз жеткізуді мақсат тұттық.

ТАСЫМАЛДАУШЫНЫ ТАҢДАУ ҚҰҚЫ БОЛСА...

Отандық БАҚ-тар жалпыға бірдей қолжетімді көлік пойыздардың аяқасты «қолжетімсіз» болып қалғанын, яғни билет тапшылығы, вокзалдар мен кассалардағы жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты сөз етіп, осының бәріне ұлттық тасымалдаушы – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ кінәлі етіп көрсетеді. Тұрғындар да соған дағдыланып алған. Пойызға билет таппаған шарасыз жолаушылардың әлеуметтік желілердегі ашынған дауыстары Президенттің де құлағына жеткен сыңайлы.

Пойызды жүргізетін кім? Әрине, ҚТЖ. Демек, жолаушы тасымалына қатысты барлық келеңсіздікке де солар жауапты деген түсінік қалыптасқан. Иә, әрине, ҚТЖ – елдегі жүк және жолаушы тасымалының басым бөлігін қамтамасыз етіп отырған ірі ұлттық компания. Оның еншілес ұйымы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұлттық тасымалдаушы мәртебесіне ие. Бірақ, теміржол көлігінде нарықтық қатынастар баяғыда салтанат құрып, жолаушылар тасымалы да бәсекелестік ортаға шығарылғанын көпшілік біле бермесе керек. Жолаушы пойыздарына билет сату мен тарату кассаларының дені жекеменшіктің қолында екенін және жолаушы тасымалының 20 пайызы жекеменшік тасымалдаушылар қолында екенін біреу білсе, біреу білмес.


Әрине, «Жолаушылар тасымалы» ұлттық тасымалдаушы компания болғандықтан елдегі жолаушы тасымалының 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бірақ біз нарықтық экономикалы ел болғандықтан, бәсекелестікті дамытуды да естен шығармаймыз. Мысалы, тек жолаушы тасымалдау нарығында «Тұран-экспресс», «Марал-Нұр», «Түрксіб Астана», «Сары-Арқа Компани», «Nomadas», «Арлан-транс», тағысын тағы он шақты жеменшік компаниялар бар екенін айтсақ та жеткілікті. Олардың бәрі жыл сайын министрліктің тендеріне қатысып, өзінің шамашарқына орай белгілі бір бағыт-бағдарды жеңіп алып, тасымал қызметін көрсетеді. 

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бұқарамен байланыс бойынша баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Айдархановтың мәліметі бойынша бүгінгі таңда ұлттық тасымалдаушының үлесі 80 пайыз болса, жемеменшіктегілер 20 пайыз жолаушы тасымалын жүргізіп отыр. Міне, сондықтан әрбір жолаушы сапарға шығып билет аларда тасымалдаушы компания туралы білгені, егер таңдау мүмкіндігі болса, оны жасауы тиіс дер едік. Өйткені, көпшілік осы білімсіздігі кесірінен жекеменшік тасымалдаушыларға арыз шағымын ҚТЖға жолдайтынына талай куә болғанбыз. Мысалы, өткен жылы «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы пойыздағы келеңсіздіктер, заңды орындары бола тұра орындарын алып бермей, жолаушы құқын аяққа таптаған жолсеріктердің үстінен шағым айтып екі жолаушы редакцияға келген. Сол жерде олар бағдарды жүргізетін «Марал-Нұр» жекеменшік компаниясы екенін бірінші рет естіді...

БИЛЕТ КАССАСЫ ДА БИЗНЕС КӨЗІ

Жолаушы тасымалының дерегі бойынша еліміз бойынша бүгінгі таңда 4,5 мыңнан астам касса жұмыс істеп тұрса, тек соның 233-і ғана ҚТЖ жүйесіне кіреді. Яғни, «Жолаушылар тасымалы» компаниясы осы кассалардың жұмысын ғана бақылауда ұстай алады. Бұл дегеніміз жалпы билет кассаларының 5 пайызын да құрамайды екен. Қалғаны, былайша айтқанда, «ашық теңізде еркін жүзіп» жүр.


Билет мәселесіне байланысты барлық былық-шылық осы «жеке бизнестерін дамытып жатқан» жекеменшік кассалар қолымен жасалып отырғаны талас тудырмайды (бейнекамералармен жабдықталған ҚТЖ кассалары ондай әрекетке баруға бата алмасы анық). Ол қалай жасалады дерсіз? Оп-оңай. Билет саудасын заңсыз кәсіп еткен пысықайлар заңды түрде күнібұрын арзан бағаға бүкіл туысқан, тамыртанысының атына 20-30 билет рәсімдеп ала ды. Және ол жалғыз емес, ондай пысықтар өте көп, әсіресе жаз маусымында жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетеді. Міне, осыдан барып жасанды билет тапшылығы пайда болмақ. Көп ұзамай барлық билетті «уысына» жинап алған әлгі алыпсатарлардың «жұлдызды сәті» туады. Неғұрлым уақыт жақындаған сайын билеттің бағасы да шарықтай бермек. Түрлі жағдай болады, біреу аяқасты тойға жиналады немесе қазаға бару керек, билет жоқ, не істеу керек, амалсыз әр вокзалда сізге көмекке келуге әзір жанашыр жандар көмегіне жүгінесіз. Олар сізді өз сыбайласы, жекеменшік кассаға алып барады. Билет кассирі оның «меншігіндегі» баяғы 20-30 билеттің біріне «кері қайтару» жасап, сол сәтте оны қайта «ұстап алып», сізге рәсімдеп береді.

Әрине, 5-6 есе үстеме бағасына. Өкінішке орай, осы сызбамен билетке зәру болған кезде 5 мыңның билетін 2030 мыңға сатып алуға мәжбүр болатындар аз емес. Әр билеттің үстінен көретін пайда кассир мен делдалдың қалтасын қампайтады. Ал кез келген қуыста жекеменшік касса ашып жіберіп бизнес жасап отырғандарға ҚТЖ-ның үкімі жүрмейді. Шағын және орта бизнес субьектісі ретінде олар мемлекет тарапынан қорғауға ие.

Әрине, «Жолаушылар тасымалы» компаниясы өз кезегінде мұндай келеңсіздікке көз жұма қарап тыныш отырған жоқ, алыпсатарлардың жолын кесудің түрлі тәсілдерін қарастырып, билет таралымы жүйесін жетілдіре түсуде.

– Осы билет төңірегіндегі жемқорлықты жою мақсатын көздейтін «Адал жол» жобасының ұсынысымен біз бірталай жетістікке жеттік деп айтуға болады. Айталық, күні кешеге дейін әлгі сіз айтқандай схемамен қайта өткізген билетті сол минутта қайта ұстап алып екінші адамға рәсімдеуге болатын еді. Ендігі жерде отандық мықты бір компанияның бағдарламасын енгізу арқылы оның жолын кестік деп ойлаймын. Ол бағдарлама бойынша енді кері қайтарылған билет бірден айналымға түспейді, белгілі бір уақыттан соң қайта сатылымға түседі немесе «күту парағында» кезек күтіп отырғандар болса, алдымен сонда барады. Сондықтан, соңғы кезде кері тапсырылған билетті «ұстап алу» өте қиын, – деп түсіндіріп берді бұл туралы Жолаушылар тасымалы компаниясының баспасөз өкілі.

«КҮТУ ПАРАҚШАСЫ» НЕМЕСЕ ВИРТУАЛДЫ КЕЗЕК

«Жолаушылар тасымалы» АҚ үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап электронды темір жол билеттерін сату бойынша «Күту парағы» деп аталатын жаңа интернет-сервисті енгізгенін жаздық. Жаңа жүйенің жетістігі сол, «күтіңіз» деп атының өзі айтып тұрғандай, кәдімгі кезекке тұру. Тек электрондық түрде, виртуалды кезек. Интернеттен билет іздеген жолаушы қажетті бағытқа билет болмаған жағдайда осы «Лист ожидания» – «Күту парағына» электронды кезекке тұрады. АСУ Экспресс жүйесі арқылы интернет-билет сатылымында бос орын пайда болған сәтте жүйе жолаушының электронды поштасына дереу автоматты түрде хабарлама жібереді де, билет сатып алуға 2 сағат мерзім ұсынады. Екі сағат ол сіздің құзырыңызда болады, яғни брондалып тұрады деген сөз. Егер сіз сол уақыт ішінде билетті сатып алып өз атыңызға рәсімдемесеңіз, ол қайтадан жүйеге түсіріліп, тізімде кезек бойынша билет күтіп отырған келесі адамға өтеді.

Сонымен қатар, жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритмін автоматтық жүйе белгілі бір уақыт аралығында өзі есептеп шығарады. Егер кассир тарапынан бір типті бірнеше сұраныс жасалса, «секем алып», жүйе автоматты түрде бұғатталады, яғни бос билеттерді «ұстауға» жол бермейді. Міне, көрдіңіз бе, бұл жерде адам факторы мүлдем жоқ, жойылды деген сөз. Билет бизнесін жағалаған делдал алыпсатарлардың айла-амалдарының жолын кеседі деген үмітпен енгізіліп отырған жаңа жүйе алғашқы жарты айдың ішінде жақсы нәтиже көрсетті. 15 күн ішінде 5 мыңнан астам адам осы «Күту парағына» тіркеліп, билет сатып алған. Мен, мысалы, өзім билет сұрап хабарласқан таныстарыма түгел осы жүйеге тіркелуге кеңес бердім. Олардың талайы оның тиімділігіне көз жеткізіп, рахметін айтты. Енді билет сұрап мені мазаламайтындарын жеткізді, – деп күлді Данияр. – Билет іздеген жандарға алыпсатарлар қызметіне жүгінгенше осы жаңа сервисті пайдаланып көруге кеңес берер едім. Баспасөз жетекшісінің айтуынша, «Күту парағының» тағы бір артықшылығы, кезекті бұзып-жарып кететін ешбір «қазақшылыққа» көнбейді екен. Жасыратын несі бар, біз кез келген жерде кезектің арасына сынамалап кіріп кетіп немесе таныс-тамырымызды тықпалауды жақсы көретін халықпыз. «Күту парағына», яғни виртуалды кезекке ешқандай сыртқы фактордың қатысы, «доступ» жоқ екен. Бәрі автоматты түрде есептеліп, таңдалып, кезекпен жылжып отырады. Оны әлдебір мүдделі тарап өзіне бағыттап, икемдеп, бұра алмайды.

«Күту парақшасы» келешекте халық арасында кең қолданысқа ие болады деп ойлаймын, өте сәтті жасалған жоба болды. Өзін өзі қазірдің өзінде ақтап отыр, тиімділігін 200 пайыз көрсетіп дәлелдеп отыр. Сондықтан халық таныс жағалап жүйкесін жұқартқанша, осы жүйеге тіркеліп қызметін пайдалануды үйренгендері дұрыс. Бүгінде, мысалы, жазғы тасымал кезінде жолаушы тасымалын реттеп отырған біздің мамандар сұранысқа орай белгілі бір бағытқа қосымша пойыздар қосады. Кеше Алматыға, бүгін Шымкент пойызына дегендей. Сол вагонның билеті алдымен осы «Күту парағында» кезек күтіп жатқан жолаушыларға түсетінін де еске сала кетсек, артық болмас. Олардан артылған билеттер ғана «еркін сатылымға» шығады, – дейді Данияр Айдарханов.

ЖЫЛ САЙЫН ЖҮЗ ВАГОН ЖАҢАРАДЫ

Жуырда «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Арман Сұлтанов жолаушы вагон паркін жыл сайын жүз жаңа вагонмен толықтырып отыру жоспарымен бөлісті. Осылай, алдағы 10 жылда ең кемі 1200 жаңа вагон қатарға қосылмақ. Бүгінгі таңда компанияның паркіндегі 2 мыңнан астам жартысы жаңа, жартысы ескі вагондар түгелге жуық жаңарып қалады деген сөз. Мысалы, күні кеше өндірістен шыққан су жаңа 25 вагон «Алматы – Астана» бағдарындағы пойыз құрамын жаңартты. Жыл соңына дейін тағы 38 вагон сатып алынады деп күтілуде.

Жолаушылар тасымалында отандық өндірістен шыққан «Тұлпар-тальго» вагондарынан бөлек, Ресей мен Украина, тіпті Қытай вагондары да бар. Олардың бәрі жазғы тасымалға алдын ала дайындық сапына қойылып, бүгінде түгел жолаушы тасымалына жегілгені айтпасақ та түсінікті. Сондықтан, компанияның кезеңкезеңмен жаңарту бағдарламасына сай вагондар паркі жаңаратын күн де алыс емес. Әзірше «барға қанағат» дейміз...