Сауат Мыңбаев теміржолшыларды кәсіби мерекемен құттықтады

Кәсіби мереке – Көлік қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!

Еліміздің ең басты көліктік артериясы болып табылатын темір жол - ел экономикасы секторының сенімді тірегіне айнала білді. Бұл мыңдаған сала қызметкерлерінің күнделікті жанкешті еңбегі мен маңдай терінің арқасында қол жеткен табыс деп білемін. Орайы келгенде, олардың басым бөлігі кәсіби мерекені жұмыс орындарында қарсы алып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.

Жалпы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жүк және жолаушы тасымалының қарқыны мен сапасын арттыру бағытында бірқатар жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Атап айтқанда, экспорт пен транзитті еселеу үшін көлік қызметінің сапасын, тасымал қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға күш салатын болады. Бұл ретте әсіресе жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа сапалық стандарттарын енгізуге, жылжымалы құрам паркін жаңартуға және де инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сонымен қатар Компанияда қаржылық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Қымбатты әріптестер, Сіздердің кәсіби маман ретіндегі үлестеріңіз бен жұмысқа деген ынталарыңыз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер.

Сондай-ақ өздерінің мол тәжірибесі мен білім-білігін жас ұрпақ бойына сіңіруге атсалысып келе жатқан сала ардагерлеріне де алғысым шексіз.

Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, әл-ауқатты болуды және де барлық жақсылықтарға жетуді тілеймін!

Сауат МЫҢБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы