Көлік қызметкерлері күні

Тамыз айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Теміржолшылар үшін жеткен жетістіктерді атап өтіп, алдағы міндеттерді айқындайтын есепті күн. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2029 жылға дейінгі Даму стратегиясы жобасын әзірлеуге кірісуі осындай ауқымды міндеттерден туындап отырғаны айтпаса да түсінікті. Мақсат – Компанияның шығындарын оңтайландырып, үздіктер қатарынан көріну.

Еңбек ресурстарын қайта құру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беріп отырған Ұлттық компания кадр даярлау мәселесіне ерекше ден қойып отыр. Бұл үшін өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер жалақысын көтеріп, нәтижелі жұмыстарына үстемақы төлеу жолға қойылады деп күтілуде. Кадрлық әлеуетті жақсарту негізгі үш бағыт бойынша жүргізілмек. Атап айтқанда, біріншісі, корпоративтік мәдениетті дамыту, ал екіншісі – көшбасшылықты дамыту және үшіншісі – HRқұзыреттілікті дамыту.

Демек, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ үшін ең маңызды мәселе, ең құнды актив – кадрлық потенциал, адам әлеуеті болып қала бермек. Олар отандық экономиканың күретамыры теміржол көлігін дамыту үшін ерен еңбектің үлгісін танытып жүрген қозғалысшылар, диспетчерлер мен станция кезекшілері, жолшылар, вагоншылар, машинистер, жолсеріктер, вокзал қызметкерлері, тағысын тағы жүздеген-мыңдаған сала еңбеккерлері. Бүгінгідей атаулы күні барша теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, ерен еңбегімен ерекшеленген 56 сала майталманы «Құрметті теміржолшы белгісімен марапатталғанын сүйіншілеп жеткіземіз. Сондай-ақ, 240 адам «Адал еңбегі үшін», 272 теміржолшы «Кәсібі бойынша үздік» атанса, «Үздік маман» қатары 230 адамға артпақ. 373 сала қызметкері Компания Басқармасы төрағасының Құрмет грамотасына, 542 адам Алғыс хатына ие болады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты 60 адамға табыс етілмек. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ 20 сала майталманын Құрмет грамотасымен марапаттайды. 5 теміржолшыға «Еңбек ардагері» медалі табыс етіледі. Барлығы 1798 сала қызметкерінің еңбегі атап өтілген.

Марапат құтты болсын, құрметті теміржол тарландары!