Қазақстанда теміржолшылар күнін атап өтеді

Қазақстанда көлік саласы қызметкерлерінің төл мерекесі жылда тамыз айының алғашқы жексенбісі күні аталып өтіледі. Биыл ол 4 тамызға сәйкес келіп тұр.

Дәстүрлі түрде аталып келе жатқан мереке тарихы кеңестік кезеңнен бұрын 19 ғасырдан бастау алады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1896 жылы бұл мейрамды әр жылда 8 шілдеде атап өту туралы шешім қабылданған екен. Ол сол кездегі Ресей империясы жол министрі болған Михаил Хилковтың бұйрығымен белгіленген.

Бұл күні барлық жолдар бойынша жұмысшылар Петербург қаласында жиналып, Павлов вокзалында жолдастық түскі ас ішкен. Бұл дәстүр 1917 жылға дейін жалғасын тауыпты. Ал теміржолшыларды мадақтау дәстүрі КСРО үстемдік құрып тұрған кезде 1936 жылы туындады. Үкіметтің қаулысымен 1936 жылы 28 шілдеде Теміржолшылардың кәсіби мерекесі 30 шілдеге бекітіледі. Кейінірек оның датасын тамыздың біріне ауыстырылады.

Қазақстандағы темір жол көлігінің негізі қаланған жыл ретінде ұзындығы 1668 км-ді құраған Орынбор-Ташкент теміржол магистралінің құрылысы басталған 1904 жыл есептеледі. Осы темір жол желісінің бойында бірнеше қалалар мен өндіріс орталықтары бой көтерді, атап айтқанда Ақтөбе, Орал, Түркістан, Қызылорда, Арал және басқа да ірі станциялар кейіннен облыс орталықтары мен дамыған елді-мекендерге айналды. Бүгінгі таңда Қазақстандағы темір жолдың ұзындығы 15 мың км-ден асады.

Қазақстанда теміржолшылар мерекесі ретінде тамыз айының бірінші жексенбісінде атап өтілетін Көлік және байланыс саласының қызметкерлері күні тойланады. Бұл күн 2001 жылы 13 желтоқсандағы ҚР-дағы мерекелер туралы № 267-II ҚР-ның заңымен бекітілген.

Бұл күнді теміржолшылардан басқа төл мерекесі ретінде автомобиль, авиация және су көлігі саласының қызметкерлері де атап өтеді. Қазақстан арқылы ұзындығы 23 мың км болатын 5 халықаралық автомагистраль өтеді. Сонымен қатар 22 ірі әуежай жұмыс істеп тұр. Олардың 14-і халықаралы рейстерге де қызмет көрсетеді. Ертіс, Іле, Сырдария, Орал, Қиғаш, Есіл өзендері мен Балқаш, Зайсан көлдері арқылы 4436 км су жолдары өтеді. Бұл күні Қазақстан бойынша жер-жерде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, өткізіледі. Көлік саласы қызметкерлерінің күнін тамыздың алғашқы жексенбісінде Ресей, Белорус, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова және Болгария атап өтеді.