«Алматы-Маңғыстау» бағытындағы жаңа пойыз жолға шықты

Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдан 22 шілдеде аттанып, Маңғыстау түбегіне дейін 56 сағат жол жүріп өтіп, кеше 25 шілде күні таңғы сағат 7-де келген жаңа жолаушылар пойызы жергілікті халықты көл-көсір қуанышқа бөледі.

Жаңа пойыз дегеніміз, «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы бұл жолаушы пойызының құрамындағы 25 вагон су жаңа, отандық «Тұлпар-Тальго» зауытының өнімі болып табылады. Талай жыл осы аралықтағы бірнеше тәулікті ұзақ жолды ескіріп, арса-арсасы шыққан көне вагондармен жүріп өтетін жолаушы халық жолда демалудың орнына пойыздан шаршап түсетіндерін жасырмайды. Ал қырық күн шілдеде бұл вагондарға мініп сапар шегу мүмкін емеске айналған болатын.

Міне, түбек халқының талай жылғы мұңы мен мұқтажын қанағаттандырған «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұлттық тасымалдаушы Маңғыстауға су жаңа вагондар құрамын сыйға тартты.

«Алматы-Маңғыстау» жолаушы пойызында жаңартылған 25 вагон, әзірше 3 құрамға 8-9 вагоннан бөлінген. Әр вагонда 54 орын бар. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбаевтың айтуынша, алдағы уақытта түбекке қатынайтын басқа пойыздар да толық жаңаратын болады. Іші заман талабына сай дербес ауабаптағыш, су сүзгіш, өртке қарсы жүйе, қысқа толқынды пеш, т.б. құралдармен жабдықталған. Пойыздың билет құны мен жүру уақыты бұрынғыша қала бермек. «Жолаушылар тасымалы» АҚның ресми өкілі Диас Ахметшәріптің хабарлауынша, жаңа вагондар түбектік тұрғындардың өтінішімен жаңартылды. Себебі осы бағыттағы пойыздардың тозғаны туралы шағымдар көптеп түскен.

Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов жаңа вагондармен жеткен құрамды салтанатты жағдайда күтіп алған жергілікті халықтың қуанышына ортақ екенін жасырмады.

«Бұл – біз үшін көптен күткен үлкен қуаныш. Халықтың сұранысына сай су жаңа вагондар, міне, түбекке де келіп жетті. Арадағы 2812 км жолда маңғыстаулық жолаушылар енді осындай заманауи вагондармен сапар шегетінін теміржолшы ретінде мақтан етемін», – деді ол.