Белағаш деген бекет бар

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей теміржолының «Солтүстік тармағында», Семей-Локоть телімінің 605,2 шақырымында орын тепкен 4-ші класты Белағаш деген бекет бар. Қарағайлы орман арасындағы теміржол бекетінің салынғанына биыл тұп-тура 105 жыл толады екен.

Семей ЖТ бөлімшесі мұрағатында деректемелік құжаттар бар. Тоқтала кетсек, аталмыш бекет Алтай теміржолының оңтүстік тармағы бойынша 1914 жылы салынып, аз уақыт ішінде бірінші жаһан соғысында тұтқынға түскен австро-венгр әскерилерінің күшімен салынып бітіпті. Расында, тарихи нысанның сәулет үлгісі ерекше, шығыс еуропалық стильмен тұрғызылған.

– Теміржол вокзалының салынғанына ғасырдан асса да әлі күнге дейін күрделі жөндеуді қажет етпейді. Іргесі бүтін, кісі құлашындай болатын қабырғалары да еш сетінемеген. Тек өз күшімізбен әрлепсырлап, көріктендіреміз, – дейді аталмыш станцияның басшысы, белсенді жас Ерғанат Төлебаев. Қазір тарихи ғимаратта тек жолаушылардың күту залы ғана емес, станция кезекшілері, диспетчерлер де орын тепкен. Станция бастығы да осында отырады.

Аталмыш нысан тарихи-мәдени маңыздылығы себепті мемлекет қорғауына алынып, арнайы тіркеуден өткен. Ғимараттың қасбетінде патшалы Ресей дәуіріндегі ескертпе түріндегі темір белгі әлі күнге дейін тұр. Онда осынау бекеттің бір кездегі Омбы теміржолына қарасты екендігі жазылған.

Жалпы көлемі 119,7 км болатын Семей-Локоть телімінің дәл ортасында орын тепкен осынау аралық станцияның техникалық анықтамасы тым күрделі. Себебі, бес қабылдау-жөнелту жолдарын қоса алғанда шақырымға созылған 10 жол, екі маневрлік аудан бар. Сондай-ақ, станцияға қарасты 16 бағыттамалы бұрмалардың барлығы да орталықтандырылған. Бұл сипаттама 4-ші класты станция үшін тым ауқымды жұмыс қалыптастырады. Кірме жолдардағы қозғалыс барысы әсіресе астық тасымалы күш алған күз бен қыс мезгілдерінде тіптен арта түседі екен. Ал осынау аса ауқымды жұмыстың барлығы станция жүрегі саналатын тарихи нысаннан басқарылады.

– Қарағайлы орман ішінде болғандықтан қысқы мезгілде қармен күреске баса ден қойылады. Алдағы қатал маусымда да қызмет сапасын төмендетіп алмау – міндетіміз. Сондықтан да, қазіргі күні қысқы мезгілге дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – дейді жазғы жұмысқа білек сыбана кіріскен жергілікті станция қызметкерлері.

Желінің қос қапталы қалың ел – ежелден бері диқандар қауымы. Халық саны аса мол іргелес екі ауданға қызмет көрсететіндіктен бұл тарихи бекетке келімді-кетімді жолаушылар саны да көп. Сондықтан да, станция қызметкерлері биылғы жылы да ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарына ерекше мән беріп, вокзал аумағын абаттандыруға көңіл бөліпті. Жас та болса тәжірибелі, білікті басшы Ерғанат Төлебаевтың жетекшілігімен перрон толықтай тәртіпке көшірілген. Сондықтан да, мұндағы жабайы сауда мүлде тоқтатылған. Биылғы жылы аумақтағы қураған ағаштар мен жолаушыларға қауіп төндіретін тал-дарақтар кесіліп, вокзал маңайы қауіпсіздік талаптарына сай етіліпті.

Белағаштық теміржолшылар еш мызғымастан тұрған өз бекеттерін кешегі аға буынның аманаты деп біледі.