Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы вагондар алынды

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шет қалмауы үшін жұмыс жасау қазіргі қоғамда азаматтық парыз саналады. «Қызылорда-Жезқазған-Нұр-Сұлтан» бағытындағы №617/618 пойыздың құрамына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы вагондар тіркелді.

Заманауи үлгімен жабдықталған, бейнемониторы, кез келген биіктіктегі платформадан вагон ішіне енуге мүмкіндік беретін арнайы көтергіш құрылғысы бар жаңа штабтық вагонның кереметін көзбен көріп, бағдарды жүргізіп отырған жекеменшік «Марал Нұр» серіктестігінің игі ісіне қошемет білдірген көпшіліктің қатарында біз де болдық.

Әрбір жеке кәсіпкер немесе мемлекеттік мекемелердегі қызметкер болсын, осындай үлгілі істің басы-қасында жүріп, қоғамның мүмкіндігі шектеулі мүшелерінің игілігі үшін титтей де болса сауапты іс тындырса, кедергісіз қоғам құру дегеніміз осы емес пе?! Сондықтан, ұлттық тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық бағдарға енгізген мүгедектерге арналған арнайы вагонды биылдан бастап қатарға қосып жатқан «Марал-нұр» ЖШС басшылығына көпшілік алғыс айтып, ұжымына табыс, жолсеріктер мен жолаушыларға оң сапар тіледі.

2005 жылдан бері теміржол көлігімен жолаушылар тасымалына атсалысып келе жатқан жекеменшік компанияның балансында қазіргі таңда 24 жолаушы вагоны бар, оның 4 жаңа вагоны мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған екен. Серіктестік жасақтаған «Жезқазған-Нұр-Сұлтан-1» бағытындағы №307/308 пойызы күнделікті, ал «Қызылорда-Жезқазған-Нұр-Сұлтан-1» бағытындағы №617/618 пойызы күн сайын жүреді.