«Күту парағы» деген жаңа сервис көңілден шықты

Электронды темір жол билеттерін сату бойынша «Күту парағы» деп аталатын жаңа интернет-сервистің қазақстандықтар арасында танымалдылығы арта түсуде.

Жаңартылған жүйе жұмыс істеп бастаған 15 күн ішінде 5 мыңнан астам адам «Күту парағына» келіп түскен өтінімдер бойынша билеттерін сәтті түрде рәсімдеген.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ электронды жол жүру құжатын (билеттер) сатудың жетілдірілген жүйесін іске қосқан болатын. Темір жол билеттерін сату жүйесіндегі жұмысты өзгертудегі негізгі тұстарының бірі жолаушыларға керекті билет болмаған жағдайда электронды кезекке тұруға мүмкіндік беретін бірыңғай «Күту парағын» енгізу болды. Бос орындар пайда болған сәтте жүйе жолаушының электронды поштасына дереу хабарлама жібереді де, билет сатып алуға 2 сағат мерзім ұсынады. Егер билет өз уақытында сатып алынбаса, ол қайтадан жүйеге түсіріліп, тізімде кезек бойынша билет күтіп отырған келесі адамға билет сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Жалпы алғанда, жаңа жүйе кассаның кейбір арам ойлы қызметкерлері мен билет алып сататындардың айла-амалдарының жолын кеседі. Осылайша, оңай олжа тапқысы келетіндердің билеттер бойынша жаппай алыпсатарлықпен айналысуына жол жабылды.