Мақат станциясы: жаңару мен жаңғыру

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жол бөлімшесінде барлық эксплуатациялық көрсеткіштерді орындау тоғыз жолдың торабы саналатын кластан тыс Мақат сұрыптау станциясының жұмысына тәуелді. Ал станция өз жұмысын үш бағытта: Мақат-Сағыз, Мақат-Бейнеу, Мақат-Атырау жүргізеді. Станция 10 жолдан құралатын қабылдау-жөнелту паркіне, 7 жолдық қабылдау (дөңесалды) және 10 жолдық сұрыптау паркіне біріктірілген.

ДӨҢЕС ҚАЙТА ЖАРАҚТАНДЫ

Қабылдау-жөнелту паркі жүк пойыздарын жөнелту, жолаушы пойыздарын, транзитті жүк пойыздарын өңдеусіз қабылдау, ал кейде жолдардың бәрі бос болмаса, өңдеп қабылдап-жөнелтуге арналған. 1,2,3-жолдар жолаушы пойыздарын қабылдайды, соның ішінде Тальго пойыздары да бар. Ал дөңесалды паркі 7 жолдан тұрады, негізінен транзитті жүк пойыздарын өңдеуге бағытталған. Сұрыптау паркіне келсек, мұнда барлық бағыттағы жүк пойыздары жинақталып, құрамдалады. Аз қуатты дөңестен вагондарды тарату кезінде қолдан тоқтату құрылғысы бар. Бұл үш паркке қоса барлық сұрыптау жолдарына шыға алатын №29 тартымдық жол бар, мұнда маневрлік жұмыстар жасалады.

Станция бойынша 10 сұрыптау жолы бар аз қуатты сұрыптау дөңесі жұмыс істейді. Онда вагондарды тарату процесі оларды 6-10 жолдар аралығында орындарын ауыстыру есебінен жүргізіледі, содан кейін дөңеске шығарылады. Ал бұл әрекет станция ішіндегі технологиялық операцияларды тиімді жүргізуге кері әсерін тигізіп әрі қосымша уақытты талап ететін-ді. Сол себепті сұрыптау дөңесінің қайта өңдеу тиімділігін арттыру, Мақат станциясының пойыздарды өткізу қабілеттілігін арттыру мақсатында станцияны реконструкциядан өткізу жұмыстары жүргізілді.

Жаңа дөңесті жасау үшін тиісті қаржы бөлініп, сәйкесті жол құрылысы мекемесіне тапсырма берілді. Межеленген мерзімде тапсырылған істің сәтті аяқталғаны мәлім болды. Бұрынғы дөңестің бұру жолдары жаңа дөңеске жалғанып, мінсіз тілінген таспадай түзу тартылып тұрды. Осы дөңес кешенін іске қосу қордаланып келген қиындықтардан құтылуды ғана емес, келешектің көлемді тасымалдарын атқаруды да көздейді. Бұрын 10 шақты пойызды сұрыптауға ғана қауқары жеткен станцияда жаңа дөңес іске қосылғаннан бері тәулігіне 30 пойыз құрастырып, тиісті бағыттарға жөнелте алатын қуатқа ие болды.

ЖАҢА ЭЛЕКТРЛЕНДІРІЛГЕН ОРТАЛЫҚ

Бірақ өндірісі күннен-күнге ұлғайып, экономикалық дамуы өркендей өсіп келе жатқан мұнайлы астана үшін бұл дөңестің де қуаттылығы жетілдіруді қажет етті. Сондықтан сала басшылығы Мақатта электрмен орталықтандырылған қабылдау паркін жаңартуды қолға алды. Атап айтқанда, дөңесалды паркін орталықтандырылған электр желісіне қосу, яғни, қолданыстағы электр орталығын әлдеқайда жетілген жаңа түрімен ауыстырып, ЭЦ посты құрылысын салу жұмыстары жүргізілді. Оның жобасында ЭЦ-ға 15 ауыстыру стрелкасын және 13 маневрлік бағдаршамды қосу, дөңесалды паркін жарықтандыру, т.б. жұмыстар қарастырылды. Дөңесалды паркін жаңарту арқылы күтілетін негізгі нәтиже – маневрлік жұмыстар кезінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, схема сенімділігін көтеру және жүйенің пайдалану мүмкіндігін арттыру, маршруттарды қабылдауға, жіберуге және өткізуге дайындық кезінде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, станциядағы жұмысшылардың штат санын көбейту және еңбек жағдайын жақсарту болып табылады.

Станцияның бас инженері Нұрбол Нұрышевтің айтуынша, қазіргі уақытта Қандыағаш-Бейнеу бағытындағы барлық жолдар мен бағыттағыш бұрмалары және Атырау станциясы бағытындағы негізгі жолға шығатын барлық жолдар электр орталығына қосылды. Ол Мақат станциясының пойыздар өткізу қабілетін бұрынғыдан 30%-ке арттыруға мүмкіндік туғызады. Дөңесалды паркі жолдарын сигналдандыру үшін кабельдік желі жүргізу мен маневрлік және пойыздық бағдаршамдар орнату бойынша іске қосуреттеу жұмыстары да жүргізілді. Пульттабло орнату үшін электр орталығының ғимараты салынып, онда техникалық кеңсе қызметкерлері, сигналистер үшін кабинеттер мен тамақтану бөлмесі бар.

АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ЖҮЙЕ

Станция АСУСТ автоматтандырылған басқару жүйесімен де жарақтандырылған. Бұл жүйе жедел ақпараттандыруды көздейді. Ол бір-бірімен өзара байланысты, бірыңғай нормативті-анықтамалық және ауыспалы автоматтандырылған ақпараттық жұмыс орнына негізделген. Бір сөзбен айтқанда, станциядағы барлық жұмыс туралы ақпарат көз алдыңда көрініп тұрады, оның ішінде пойыз құрамы, оның өзгеруі, қабылдап-жөнелту, ағыту-қосу, түсіру-тиеу, т.б. жұмыстар. Мұнда локомотив жұмысы да үнемі қадағалауда – жанар-жағармай шығыны, локомотивтер жүрісі, машинистің электронды маршрутын құру, т.б. Маневрлік құралдарды толық пайдалану және біркелкі жүктеу үшін станция 5 маневрлік ауданға бөлінген. Маневрлік жұмыстар ТЭМ-2 маневрлік локомотивтермен атқарылады, олар белгілі бір ауданға бекітілмеген, қай жерде жұмыс көп, соған шоғырланады. Станцияға екі жақтан бұғатталатын Мақат – РЗД 377, Мақат – РЗД 402, Мақат – РЗД 472 аралық жол қосылады.

– Атырау, Сағыз, Құлсары пойыз, станция диспетчерлерімен, ЭЧ, ШЧ, ПЧ диспетчерлерімен, пойыз қабылдаушылар, ПТО операторлары, депо, вокзал кезекшісімен жедел (цифрлы) байланыс, релелік байланыспен, АТС байланысы, машинист, пойыз құрастырушылар, сигналистермен және паркішілік екіжақты байланыспен қамтылған. Станция прожекторлық матчтармен жарықтандырылған. Станция басында Мақат локомотив пайдалану депосы, жөндеу депосы, вокзал, ПЧ, ШЧ, ЭЧ, ВЧД1, қалпына келтіру, өрт сөндіру пойыздары, атқыштар командасы аудандық бөлімшелері шоғырланған. Барлық құрылымдық бөлімше қызметкерлері бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс жасауда. Мақат станциясында бүгінгі күні пойыз құрастырушылар, станция кезекшілері, жүк кассирлері, тасымалдау құжаттарын өңдеу операторлары, жүкбагаж қабылдаушы, белгі беруші, ЭВМ операторы, тауар кеңсесі мамандары, т.б. станцияның қалыпты жұмыс жасауына өз үлестерін қосуда. Станцияның 5 кірме жолы бар, сондай-ақ МақатИндер желісіне 6 кірме жол қосылады, олармен де бірлесе жұмыс жасаймыз, – дейді бас инженер.

ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІ АРТТЫ

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің «Темір жол станцияларының кластық көрсеткіштерін бекіту туралы» бұйрығы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ темір жол станциясы туралы ережеге сәйкес «ҚТЖ» ҰК» АҚ атқарушы директоры – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасының 2018 жылғы 23 тамыз, №684-113 бұйрығымен еліміздегі темір жол станцияларының тізбелері бекітілген болатын. Солардың ішінде Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша Мақат кластан тыс станциялар тізбесіне енгізілді. Яғни, 2016-2017 жылдар қорытындысы бойынша бөлімшеде жүргізілген қайта есептеуге сәйкес аталған станцияның дәрежесі жоғарылады. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша Мақат станциясы 2016 жыл қорытындысында 91,85 балл, 2017 жылда 97,46 балл жинады. Жұмыс көлемінің артуы себепті осынша балл жинау кластан тыс станция нормасына сәйкес келді. Сөйтіп, Мақат станциясы 1 кластан кластан тыс станция дәрежесіне өсті.

Бүгінде станцияның өткізу қабілеті еселеп артқан. Қабылдау бойынша Құлсары бағытынан 17 жүк, 7 жолаушы, Сағыздан 16 жүк, 10 жолаушы, Атыраудан 28 жүк, 10 жолаушы пойызын қабылдаса, жөнелту бойынша да сондай пойызды құрап, барлығы 63 жүк, 27 жолаушы пойызы жөнелтілген. Сондай-ақ дөңестен 28 құрама өңделіп, таратылған, барлығы – 2229 вагон. Жалпы алғанда, өткен 6 айда орташа тәуліктік 33 пойыз қабылданып, 31 вагон жөнелтілген. Жарты жылда станция бойынша 907 вагон жүк тиеліп, 801 вагон жүк түсірілсе, барлығы 5980 пойыз қабылданып, 5598 пойыз жөнелтіліпті. Станция толық қуатымен жұмыс жасауда.