Тақтадай тегіс, барқыттай жұмсақ

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Компанияның маңызды міндеттерінің бірі – жол шаруашылығының инфрақұрылымдық нысандарының сенімділігі мен функционалдық қауіпсіздігін басқару. Осы ретте, жол шаруашылығы мамандары жолдарға күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізу көлемін толық көлемде орындап, тақтайдай тегіс, барқыттай жұмсақ, жайлы да сенімді телімдерді арттырып отыр.

Айталық, 187 км жолға жаңа материалдарды төсей отырып күрделі жөндеу жүргізілсе, 43 км жол күшейтілген орта жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болған. Сонымен қатар 57,5 км көлемінде рельс тізбегі тұтастай алмастырылып, 17 км жолда ескі жарамды рельстер алмастырылған.

Жазғы жол жұмыстары барысында теміржолдарды жаңғырту және сауықтыру жұмыстары да табысты жүзеге асып жатыр. Мәселен, заманауи машиналар кешенін пайдалана отырып, 4720 км жол және 588 бағыттағыш бұрманың қиыршық тастары жаңаланып, нығайтылып, жолдарды тегістеу, түзету, ажарлау жұмыстары жүргізілген. Жыл сайын қарқынды жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары түйіспесіз, яғни ел аузында «барқыт жол» деп атанып кеткен телімдердің ұзындығын арттырып отырған көрінеді. Айталық, бүгінде негізгі телімдер дегі түйіспесіз жолдар ұзындығы 12,8 мың км құраса, темірбетонды негіздегі шпалдар төселген жол ұзындығы 14,8 мың км жеткен. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, пойыздар қатынасы үшін жайлы жолдар ұзындығы 200 км артқан.

«Жолдарды сауықтыру бойынша жоспарлы тапсырмалардың орындалуы 2019 шақырымда пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыруға ықпал етті. Соның ішінде «Тальго» вагондарынан жасақталған жолаушы пойыздары үшін 240 шақырымда, қарапайым жолаушылар пойыздары үшін 465,3 шақырымда, ал жүк пойыздары үшін 354 шақырымда, сондай-ақ, контейнерлік пойыздар үшін 959 шақырымда қозғалыс жылдамдығы көтеріліп отыр. Жол шаруашылығы мамандарының алдындағы ендігі міндет – осы жылдамдық өскен және бұрыннан жылдамдық жоғары телімдерде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету», – дейді Магистральдық желі дирекциясы директорының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Бахытбек Алдажаров.

Маман сөзіне сүйенсек, Дирекцияда жол аралығы, блок-телім ұзындығына тең келетін ұзын түйіспесіз жол бунақтарын дәнекерлеу технологиясын жетілдіру жолға қойылған. Бұл өз кезегінде буын жолдармен салыстырғанда пойыздар жылдамдығының қолайлылығы мен жатықтығын арттырмақ. Тақтайдай тегіс, барқыттай жұмсақ жайлы жолдар, сондай-ақ, техникалық құралдардың жөндеу аралық мерзімін ұлғайтып, пойыздар тартымына кететін шығындарды төмендете түспек, сондай-ақ, тартымдық және белгі беретін электр тізбектерінің жұмыс сенімділігін арттырмақ.

Сонымен қатар өндірістік процестердің тиімділігін арттыру шеңберінде Компания тарапынан ресурсжинақтау технологиялары енгізілуде екен. Аталған технология активтің өмірлік циклын ұтымды пайдалану мақсатында жолдың үстіңгі құрылымының материалдарын қайтадан пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.