Контейнерлік тасымал еселеп өскен

Қазақстан темір жолы бойынша биыл жыл басынан бергі 6 айда 120 млн тоннадан астам жүк тиеліп, жүк айналымы 107,6 млрд тоннакм құраған. Эксплуатациялық жүк айналымы бойынша жоспар 102,4%-ке орындалып отыр.

Осы жылы қаңтар-маусым аралығында тиелген 120 млн тоннадан астам жүктің ең көп бөлігін көмір құрайды. Мәселен, сол тиелген жүктердің 48 млн тоннасы – көмір, 5,4 млн тоннасы – астық, 9,7 млн тоннасы түсті металл кені, 8,8 млн тоннасы – құрылыс материалдары, 12,8 млн тоннасы темір рудасы болған.

Қазақстан аумағы бойынша транзиттік жүктер көлемі 7 млн тоннаны құрады. Контейнерлік жүктер тасымалы 291 мыңнан астам ДФЭ (жиырма футтық эквивалент) болған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңде қол жеткізілген нәтижеден 141% жоғары.

Контейнерлік транзиттің негізгі бағыты Қытай-Еуропа-Қытай бағыты болып қалуда. Бұл бағдармен 146 мыңнан астам ДФЭ жүк тасымалданған, ол да өткен жылмен салыстырғанда 129%-ке көп. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік контейнерлік тасымалдың айтарлықтай өсімі басқа бағыттар бойынша да байқалды. Соның ішінде Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары бойынша 2 мың контейнерден жоғары ДФЭ жүк жеткізіліп, бұл да былтырғы көрсеткіштен 158% артық шықты. Қытай-Иран-Қытай дәлізі арқылы 1,6 мың контейнер тасымалданды, бұл да биылғы жылдағы нәтижеден 350% жоғары түсіп отыр.