Жыл басынан Бейнеуде 7 мал басу оқиғасы тіркелді

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Жыл басынан бері Бейнеу жол дистанциясы аумағында локомотив бригадалары 78 шұғыл тежеу беріп, 7 мал басу оқиғасы тіркелді. Бақташысыз жайылған төрт түлік бүгінде теміржолшылар үшін қып-қызыл шығын мен қатерге айналды.

Әсіресе, түйе малы жолға көп шығады. Жолдағы малдың кесірінен пойыздар жылдамдықты азайтуға және тоқтатуға мәжбүр. Пойыз – жолаушыларға жасаған мемлекеттің қолайлы жағдайы. Десек те, оның уақытылы жетуіне кедергі болатын жайттар көп. Қазіргі таңда қауіп төндіріп тұрған Бейнеу-РЗД-1, РЗД-1РЗД-2, РЗД-3-Үстірт, Алтай-Теректі, Сам-Ноғайды, Ноғайды-Тұрыш аралығында темір жолға жақын ауылдың тұрғындары малдарын қараусыз жіберуі салдарынан әсіресе, жолаушы лар пойызына қауіп болып тұр. Пойызға соқтығысқан малдың иесіне бірінші кезекте ескерту жасалады. Егер сондай жағдай тағы қайталанатын болса, ҚР Әкімшілік Құқықбұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 1-тармағына сәйкес темір жолдың бөлінген жолағында мал жайылу қағидаларын бұзғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Мекемеге қарасты темір жол телімдерінде орналасқан Бейнеу, Тежен, Ақжігіт, Төлеп, Сайөтес, Сам, Сыңғырлау, Ноғайды, Тұрыш елді мекендерінде тұрғындармен ай сайын темір жол ережесімен таныстыру, мал басу оқиғаларын болдырмауға дистанция көлемінде алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Бүгінде темір жолшылар алдын алу шараларына аса мән беріп отыр. Жол бойындағы елді мекендерде түсіндіру шаралары күшейтілген. Бұл шараға жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлері де тартылып отыр.