Жүк айналымының жоспары орындалуда

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Үстіміздегі жылдың бес айында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бойынша пайдаланымдағы жүк айналымының жоспары 103,1%-ке орындалған, бұл көрсеткіш өткен жыл деңгейінен 0,6% артық.

Жоспарлы жүк тиелімі 1,8% асыра орындалғанымен, өткен жыл деңгейінен төмен болыпты. Осы ретте, экспортқа тиелген жүк номенклатурасының, атап айтқанда, көмірдің 13%, темір кенінің 18%, түсті металдардың 15%, химикаттардың 16% және тыңайтқыштардың 12% өскені байқалады. Бұл туралы Ақмола жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Астана локомотив пайдалану депосының Атбасар айналым депосында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәуірбаевтың жетекшілігімен өткен тораптық жиында мәлім болды. Сонымен қатар тартымдық жыл-жымалы құрамды тиімді пайдалану нәтижесінде пайдалану қызметінің барлық көрсеткіштері дерлік жақсартылған. Мәселен, локомотив өнімділігі – 104, вагондар өнімділігі – 105,3, локомотив пен вагонның орташа жүрісі – 103,5, вагон айналымы – 104,3, пойыз салмағы – 102,3, телімдік жылдамдық – 101,6, техжылдамдық 101%-ке артық орындалған. Мамандар сөзіне қарағанда, биыл вагондардың профициті байқалуда.

Жиында пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде көтерілген мәселенің бірі болды. Бұл бағыттағы жағдай көңіл көншітерлік емес екен. Олай дейтініміз, өткен бес ай және маусымның 20 күні ішіндегі дерекке жүгінсек, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бойынша қозғалыс қауіпсіздігін бұзған 58 оқиға болып, өткен жылға қарағанда 22 бірлікке артқан. Осы ретте, қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірген жайттардың көбісінің қозғалыс және локомотив шаруашылықтарында болғаны анықталды.

Ақмола өңірінің теміржол мекемелерінің басшылары және қозғалыс қауіпсіздігі саласы мамандары қатысқан маңызды жиында Ақмола бөлімшесінің бес айда атқарған жұмыс қорытындысы да талқыға түсті. Осы ретте, бөлімше теміржолшыларының қозғалыс қауіпсіздігін сақтау жұмысы сынға алынды. Былтырғы бесайлық көрсеткішті табысты аяқтаған ақмолалық теміржолшылар биыл сол деңгейді сақтап қала алмай, қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына бес мәрте жол беріпті. Тіпті «Нұр-Сұлтан» станциясын бір айға ерекше жұмыс режимі не көшіруге шешім де қабылданған екен. Оған себеп «Сарыағаш – Нұр-Сұлтан» бағытындағы №85 жолаушылар пойызының дайын болмаған бағдарда қабылдануы екен. Бұл факт ел өңіріндегі өзге бөлімшелерге сабақ болары кәдік.

Тораптық жиында қозғалыс қауіпсіздігі бойынша жұмысты ұйымдастыруда Атбасар айналым депосы тексеріліп, бірқатар олқылықтардың анықталғаны да айтылды. Әсіресе, торап қызметкерлерінің станцияның ТРА құжатына қатысты білімдерінің әлсіздеу екені байқалған. Сондай-ақ, ай сайын өтетін комиссиялық байқау барысында бағыттағыш бұрмалардың барлығы тексерілмегені белгілі болған. Бұл жиында машинистердің Ескерту кітабындағы жазбаларына да ерекше көңіл бөлінді. Биыл бес айда машинистер тарапынан 294 ескерту қалдырылыпты, ал былтыр бұл уақытта ескерту саны 415 құраған екен. Демек, жақсы ілгерілеу бар. Сонымен қатар күн тәртібінде аталған бөлімше бойынша контейнерлік пойыздардың жүрісін қамтамасыз ету, дизельдік отын мен электр энергиясын үнемдеу сияқты мәселелерге кезек беріліп, бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар сараланды.

Сондай-ақ, жұмыс тәртібіндегі кейбір мәселе сол мезетте басшылықтың нұсқауымен шешімін тауып жатты. Жиын хаттамасы қабылданып, құжатта қарастырылған барлық мәселенің орындалуы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығы тарапынан бақылауда ұсталатыны белгілі болды