Терезе сындыру қашан тыйылады?

Маусым айының соңғы күндері сағат 18.30 шамасында Ынтымақ темір жол станциясының 3340 шақырымында, машинист М.Ситниковтың басқаруындағы №0017 электровозының алдыңғы терезесін белгісіз біреу таспен ұрып сындырған. 

Теміржолдағы осындай қылмысты ұсақ-түйек деп қарастырмай, алдын алу үшін қатаң шара қолданбаса, бұдан өткен бассыздық пен сорақылық орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан, аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 294-бабымен хаттама толтырылып, теріс қылықты қылмыстық іс қозғау қолға алынады. Қылмыстық іс бойынша белгісіз тұлғаны анықтау мақсатында Шым кент станциясы Желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Ынтымақ станциясының қызметкерлері де жедел іздестіру шарасы барысынан қалыс қалмай, әріптестеріне қол ұшын созады.

Іздестіру кезінде Ынтымақ станциясына жақын орналасқан Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Ынтымақ елді мекені тұрғындарынан сұрау алынды. Нәтижесінде, 2008 жылы туған кәмелет жасқа толмаған Е. есімді жасөспірім ұсталып, өз кінәсін толық мойындады.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жүгенсіз кеткен жасөспірімнің әрекеті нәтижесінде теміржол көлігі зақымданып, белгілі көлемде шығын келгені белгілі. Оны жасөспірімнің ата-анасы өтеуі мүмкін. Ең бастысы, электровоз кабинасында отырған машинистке зиян келіп, әйнек сынығы көзін шығарып, бетін жарақаттаса не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. Жалпы, мамандар кетіп бара жатқан локомотивке тас атып, терезе сындыру сынды келеңсіздік қашан тыйылар екен дейді.