Қос бағытта қозғалыс ашылады

Қазақстан темір жолы бойынша жүктемесі ең көп телім саналатын Қырқыншы – Нұр-Сұлтан-1 станциялары аралығындағы үшінші айналма жолда екі бағытта қозғалыс ашу жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін тек бір бағытта жүретін пойыздарға енді тақ бағытта да, жұп бағытта да қозғалыс ашылып, тоғыз жолдың торабы Қырқыншы станциясына түсетін жүктеме азаяды.

Теміржол мамандарының айтуынша, Қазақстан бойынша ең жүктемесі көп телім – Астана – Ерейментау бағыты. Қырқыншы болса, сол аралықта барлық бағыттардың түйісетін, елордаға кірерде барлық жақтан келетін пойыздар үстінен өтетін станция. Бүгінгі жүріп жатқан жұмыстар станцияның екінші тынысын ашып, өткізу қабілетін арттырары сөзсіз. Қосымша жол салынбайды. Тек сол жол орталықтан басқару жүйесіне қосылып, кезекші пультте отырып, екі бағыттағы да қозғалысты көріп, басқара алады. Белгі беру құрылғылары қос бағыт бойынша да қозғалысты көрсетіп және бағыттап тұрады. Электрлік желілер қосылады. Дауыс зорайтқыш байланыс орнатылады. Өткелдер қосымша белгі беру жабдықтарымен толысады. Нәтижесінде тек Қырқыншы станциясының ғана тынысы ашылып қоймайды, сонымен бірге елорда станциясының да жүктемесі азаяды.

Астана белгі беру және байланыс дистанциясының (ШЧ-16) аға диспетчері Ержан Иманбаев осы жұмыстың басы-қасында жүргендіктен қозғалысшылар мен байланысшылар, электрмен қамту, тағы басқа да құрылымдық қызметтермен бірлесе жүргізіліп жатқан бұл жұмыстың нәтижесі туралы жанжақты айтып берді. Оның айтуынша, үшінші айналма жолда бұған дейін тек Қырқыншыдан Нұр-Сұлтан-1 станциясына дейін бір бағытта ғана жүретін пойыздар енді елордадан Қырқыншыға дейін жүреді. Бір жолда екі, яғни, тақ бағытта да, жұп бағытта да қозғалыс ашылып, тоғыз жолдың торабында жатқан Қырқыншы станциясына түсетін жүктеме айтарлықтай азаятыны өз алдына, елордаға бағыт алатын құрамдар салмағын азайтып, яғни Нұр-Сұлтан-1 станциясына да түсетін жүктеме төмендейді.

– Бұл ЭЦ жүйесі арқылы жүзеге асырылады, бізде тәжірибеде бар. Үшінші айналма жол бойынша басшылықтың шешімімен өткізгіштік қабілетті арттыру, әрі жүк ағынын арттырып, пойыздар көптеп жүруі үшін екі бағытта да жүретіндей етуге жұмыс жасап жатырмыз. Бұл – өте ауқымды жұмыс, ол үшін қосымша бағдаршамдар, белгі беру құрылғыларын орнатып, кабельдік шаруашылықты реттеу керек. Бірінші кезеңде жұмыс жоспары және схемасы бекітіледі. Оған өзгерістер енгізіледі. Тек ең соңғы нұсқа бекітілген соң біз жұмысқа кірісеміз. Схема бекітілгесін кабельдерді орнату, қазу жұмыстарына кірістік. Қосымша құрал-жабдықтар орнатылуда. Соңында бұл орталықтандыру жүйесіне қосылады. Аталған жұмыстарды осы жылдың қыркүйек айына дейін аяқтау көзделіп отыр. Қазіргі таңда қолға алынған жұмыстың 65 пайызы бітіп тұр. Кабельдер қойылды. Енді белгі беру құралдары орнатылады, – дейді аға диспетчер.

Бүгінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан жұмыс қызу жүріп жатыр. Қыркүйекке қарай қос жолда қозғалыс ашылуы күмән тудырмайды.