«Кітаптар өз қолыңда» атты акцияны іске қосты

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның HR департаменті қоғамның техникалық орталығымен бірлесіп, компанияның бас ғимаратында «Кітаптар өз қолыңда» атты акцияны іске қосты.

Аталған департаменттің бас менеджері Ақмарал Байғабылованың айтуынша, екінші қабаттан ашылған аталған акция сенім қағидаттарына негізделген. Бір айға созылатын шара аясында ашық кітапханадан қызметкерлер техникалық бағыттағы шығармаларды, сонымен қатар көркем әдебиетті де таба алады. Қызметкерлер өз беттерінше кез келген қалаған кітабын алып, оқып болғасын оны орнына қайтадан қойып кетеді.

– Атақты француз жазушысы «Адамдар оқудан қалған кезде, ойланудан да қалады» деген екен. Сондықтан осы игі ісіміздің арқасында интернетке үңілген дәуір азаматтарының назарын қайтадан кітаптарға аударып, рухани баюға ықпал етеміз деген сенімдеміз, – дейді бас менеджер.

Техникалық орталықтың бас менеджері Наталия Смольянованың айтуынша, келушілер кітаптарды пайдаланып қана қоймай, сол жердегі ұсыныстар мен тілектер кітабына өздерінің нақты бір басылымдар бойынша сұраныстарын жазып қалдыра алады.

– Түрлі әдебиеттерден құралған кітапхана басылымдарының денін негізінен қозғалысты ұйымдастыру, жол шаруашылығы, электрмен жабдықтау, СОБ және байланыс, еңбек және қозғалыс қауіпсіздігі, логистика және жылжымалы құрам туралы жинақтар құрайды. Ал көркем шығармалар қатарында тарихи және фантастикалық романдар мен детектив бар, – дейді Н.Смольянова.

Оқырмандар үшін Техникалық орталық мамандары дайындаған темір жол саласын дамытудың өзекті мәселелері мен техникалық құралдарды пайдалану, персоналды басқару бойынша тақырыптық жиынтықтар мен сараптамалық талдаулардың кең ауқымды таңдауы бар.