Жүкті рәсімдеу жолға қойылып келеді

«Жолаушылар тасымалы» АҚ алға тартқан дерекке жүгінсек, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында еліміз бойынша 6 294,4 кг қол жүгі тасымалданыпты. Бұл көрсеткіш өткен жыл деңгейімен салыстырғанда 0,4% артық болып отыр.

Сөз реті келгенде, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның республика бойынша жүк және қол жүгін 12 бағыт бойынша тасымалдайтынын және елімізде 30 жүк бөлімшесі қызмет істеп жатқанын атап өтер едік.

Мамандар шамадан тыс жүкті немесе қол жүгін рәсімдеу үшін пойыздың жөнелту уақытынан бір сағат бұрын вокзал кешенінде орналасқан жүк бөлімшесіне жүгіну керектігін айтады. Сондай–ақ, теміржол арқылы бандероль, қорапша, салемдеме жіберем десеңіз, еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан «Қазпошта» бөлімдеріне жүгінсеңіз болады. Ал жүкті жолсерік арқылы жөнелту заңсыз болып табылады, сондай-ақ, Компания жүгіңіздің жолда сақталуына кепілдік бермейді.

Осы ретте, «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржолда билетсіз жүру және заңды түрде рәсімделмеген жүкті тасымалдау әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында 2018 жылдың сәуір айында «нөлдік» төзімділік принципін енгізген болатын. Заңсыз әрекетке бой алдырған Компания қызметкерлеріне, яғни заңды рәсімделмеген жүкті қабылдап, тасымалдаған жолсерікке қатаң түрде әкімшілік шара қолданылады. Тіпті еңбек келісімшарты да бұзылуы мүмкін.

Заңсыз рәсімделген жүк не қол жүгіне тап болсаңыз – азаматтық ұстанымыңызды көрсетіп, фото және бейнетаспаға түсіріп (пойыз, вагон, орын нөмірін көрсету шарт) Компания Бас директорының блогына жазып жіберулеріңізді сұраймыз деп хабарлайды. (http://temirzholy.kz/ blog-predsedatelya-pravleniya/).

Айта кету керек, соңғы уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ қолға алып жатқан осындай іс-шаралардың нәтижесінде жолаушы халық тарапынан жүктерін бұрынғыдай жасырын вагонға алып өтіп жоғарғы сөрелерге тықпалау сынды келеңсіз көріністер сап тыйылмаса да азайған. Жолаушы халық жүктерін заңды түрде рәсімдеуді үйреніп келеді.