Дегелеңнен Жаңа-Семейге дейін...

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей теміржолына қарасты 142 км бас жолды құрайтын Дегелең-ЖаңаСемей телімі қозғалыс шаруашылығындағы өндірістің артуына байланысты бірқатар құрылымдық өзгерістерді қажет етуде. Басты меже – аталмыш телім бойындағы пойыздарды өткізу мүмкіндігін арттыру.

Жылдың екінші жартысынан бастап қалыптасқан дағды бойынша осы телім бойымен күллі республикаға көмір тасымалы күрт артады. Ал биылғы жылы ұлттық компанияның басты әріптесі «Қаражыра» АҚ қатты отын өндіру көлемін еселеп арттырып, қызметтік дамудың тың сатысына көтерілуде. Бұл шара өз кезегінде көмір тасымалын кедергісіз жүргізуде теміржолшыларға елеулі міндеттер жүктейді. Соның бірі ретінде, Дегелең – Жаңа-Семей телімін қызмет көрсету тұрғысынан қайта жаңғырту болып отыр. Осы орайда, шаралар жоспарын жасаған бөлімше басшылығы бірінші кезекте қозғалыс саласындағы бірқатар құрылғыларды ауыстырып, телімдегі байланыс бойынша автоблокировка орнатуды меже тұтуда.

Дәл қазіргі таңда телімдегі өткізу мүмкіндігі 10 жұп пойызды құрайды. Ал жартылай автоблокировканы ауыстырған жағдайда телімдегі өткізу барысы артып, 14 жұп пойызға дейін жетер еді. Яғни, қосымша тасымалданған жүктің есебінен экономикалық тиімділік еселей түседі. Мамандардың есебінше, бұл жағдайда таза кіріс 2 млрд теңгеден асуы тиіс.

Сонымен қатар, телім бойында орналасқан 5-ші класты Известковый, Талды, Блок-пост және «А» посты сынды жолайрықтарын диспетчерлік орталықтандыру жүйесіне көшіру штат құрамын оңтайландыруға әкеліп, жұмсалатын шығындарға елеулі түрде тежеу болмақ. Бұл бағыт бойынша да үнемделетін қаражат миллиардтарды құрайды. Қазіргі күні жоба аясында аталмыш телім бойынша өндірістік жаңашылдықтарға жұмсалатын қаржы көлемі де есептеліп қойылған. Тың жоба ұлттық компания басшылығына да ұсынылуда.  

Әрине, диспетчерлік байланыс жүйесін жаңартып, ЭЦ постылары бойынша қосымша құрылғылар орнату, жаңадан құрылыс нысандарын салу қомақты қаражат қажет етеді. Әйтсе де, егер қолдау тауып, қабылданар болса, соны жобаны жүзеге асыру қысқа мерзім ішінде, небары 8 айда орын алады деп болжануда. Жалпы, бүгінде қозғалыс жиілігі аса жоғары саналатын Дегелең-ЖаңаСемей телімі аралығына баса мән берілуде. Мәселен, мәскеулік «Информтехника» компаниясы жуырда жаңа цифрлық жүйе өзегі DX-500 құрылғысын толығымен монтаждап, орнатып берді. Нәтижесінде байланыс сапасы заманауи талапқа сай етілді. Сол тәрізді соңғы бес жыл көлемінде аталмыш телім бойынша жол шаруашылығындағы үзіліссіз жүргізіліп келе жатқан күрделі жөндеу жұмыстары да тасымал үдерісін жылдамдатқаны анық.