Маусымда мінсіз қызмет етеді

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Мақат локомотив пайдалану депосы Мақат-Сағыз, Мақат-Атырау, Мақат-Құлсары-Бейнеу учаскелерінде өз локомотивтерімен шаруашылық, жүк және жолаушылар пойыздарын тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Көктемгі комиссиялық тексеруге Мақат локомотив пайдалану депосы паркіндегі барлық тепловоздар жатқызылған. Қазіргі таңда Мақат локомотив пайдалану депосының иелігінде маневр, жүк және жолаушылар қозғалыстарында жүрген 28 локомотив бар, 8 маневр қозғалысындағы ТЭМ сериялы тепловоз, 2ТЭ10МКВК сериялы 18 жүк тепловозы және ТЭ10М мен ТЭ33А сериялы тепловоздар.

– Жаз маусымына локомотив паркінің жұмысқа дайындығын қамтамасыз ететін байқау барысында инвентарлық парктегі пайдалану жұмыстарына жегілген темір тұлпарлар түгел тексеруден өтіп, шаруашылықтағы түйінді түйіткілдер тарқатылып, кемшіліктер дер кезінде анықталып және олар уақытылы жойылды, барлық олқылықтардың орны толтырылды десек болады. Атап айтқанда, локомотивтердің барлық тораптары, атап айтқанда, қауіпсіздік аспаптары, дизель-генератор қондырғылары, тартымдық электроқозғалтқыштар, қосымша жабдықтар, қорғау аппараттары, электржабдықтар, автотежегіш аспаптары, локомотивтердің өртке қарсы және санитарлық жағдайлары тыңғылықты тексерілді. Яғни, локомотивтер жаз маусымында тасымал жұмыстарын қалтқысыз жүзеге асыру үшін сақадай сай дайындықпен келді, – дейді депоның жөндеу-бақылау бөлімінің Мақат бастығы Қайрат Есекенов.

Жалпы, локомотив паркін жаз маусымына дайындау Мақат локомотив пайдалану депосы, Мақат сервис орталығы және Өрт сөндіру пойызының басшылары мен мамандары құрамына кірген комиссия жетекшілігімен жүзеге асырылып, техникалық және өрт қауіпсіздігі жағдайлары тексерілумен қатар, жылжымалы құрамның эстетикалық сыртқы жағдайына да баса назар аударылған. Қазіргі таңда локомотивтер толықтай байқаудан өтіп, жөнделіп, сырланып, қысқы майлары жазға алмастырылып, жылыту қаптары шешіліп алынған.Тұтастай алғанда, байқау қорытындысымен тепловоздар «жақсы» деп бағаланып, нәтижесінде 4.5 балл құраған. Демек, Қайрат Есекеновтің айтуынша, темір тұлпарлар жазғы маусымда мінсіз қызмет етеді деген сенім бар.

– Локомотивтердің техникалық жағдайын жақсартуға машинистер бригадалары түгел атсалысты. Олардың ішінде 8-ші бригаданың машинист нұсқаушысы А.Тажмұханов, 2ТЭ10МК-1037/1072 тепловозы аға машинисі Е.Өтеғалиев, 12-ші бригада (Құлсары станциясы) машинист нұсқаушысы Г.Тортиев, ТЭМ8696 және ТЭМ-8563 тепловоздары аға машинистері С. Көшкінбаев пен С.Балмұханов өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмыстарын мінсіз орындады, – деп атап өтті депоның жөндеу-бақылау бөлімінің бастығы.