Нәтіже бәріне ортақ

Теміржолшылар кезекті рет дабыл қағуда. Алтынкөл жол дистанциясының телімдерінде мал мен жанның пойыздың жолына шығып кетіп, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне нұқсан келетін жайттар көбеюде.

Алтынкөлдік жолшылар темір жол төсеміне жақын маңдағы елді мекендер мен шаруа қожалықтарын аралап, мал жаю және айдап өту ережелерін түсіндіруден кенде емес, бірақ жағдай бұрынғы деңгейде қалып отыр. Жыл басынан бері локомотив бригадалары 61 рет жедел тежегіш басқан, оның ішінде 22 рет малды, 2 рет адам соғу оқиғасы болған.

– Құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге 2 рейд өткізілді, 268 жүргізуші теміржолдан өту ережелерімен танысты, сонымен қатар 575 адамды қамтыған «Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ», «Абайлаңыз, өткел!» тақырыбында 15 жиын тағы өткізілді, – деп атап өтті Алтынкөл жол дистанциясының бастығы Әлібек Асқар. Алтынкөл жолшылары Алматы облысының аудан әкімдіктеріне 15 қызметтік хат жіберді, мал жаю ережесін бұзғаны үшін 13 адам жауапқа тартылды, сегіз мал иесіне ескерту берілді. 76,3 км қашықтықта жол қоршалды.

Жол дистанциясының бастығы Әлібек Асқардың айтуынша, қозғалыс қауіпсіздігін бұзу жағдайларын жою мақсатында темір жолдарға бөлінген белдеуде қараусыз қалған малды жаю фактілерін анықтау бойынша мобильді топтар құру бойынша жергілікті әкімдіктер белсенділік танытқаны жөн.

– Біз бұл мәселені өзіміз шеше алмаймыз, сындарлы және бірлескен жұмыс қажет, топ құрамына кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, малдәрігерлік, жергілікті полиция өкілдері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері кіру керек, сөйтіп бірлесе іс жасағанда ғана ортақ нәтижеге қол жеткіземіз, – деп атап өтті Әлібек Маликұлы.

Сондай-ақ, теміржолшылардың пікірінше, қараусыз қалған мал иелері үшін әкімшілік жауапкершілікті арттыру қажет.