Бірлескен техникалық сабақтар

Сайөтес станциясында маңғыстаулық теміржолшылар «Жұмысты дұрыс ұйымдастыру – қозғалыс қауіпсіздігінің кепілі» атты айлық кезінде бірлескен техникалық сабақтар өткізді.

Станцияның техникалық қызмет көрсету қосынында өткен сабаққа Маңғыстау ЖТ бөлімшесінің өндірістік қауіпсіздік қызметінің бастығы Салима Мамаева, вагон және локомотив шаруашылықтары бойынша қозғалыс қауіпсіздігі ревизорлары Берік Имашев, Қайрат Ниязов, локомотив демалыс үйінің меңгерушісі Оңай Медетова, медициналық қосын қызметкері Роза Тәжікова, Сайөтес станциясының бастығы Ерлан Нұрмолда, ТҚКҚ шебері Жаңабай Түйебаев қатысты.

– Бұл сабақ биыл 10 маусым мен 10 шілде аралығында өтіп жатқан «Жұмысты дұрыс ұйымдастыру – қозғалыс қауіпсіздігі кепілі» атты айлық аясында ұйымдастырылуда. Оның басты мақсаты – компанияның барлық құрылымдық бөлімшелерінде қозғалыс қауіпсіздігі деңгейін қамтамасыз ету, – деді станция бастығы.

Техникалық сабақтар барысында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету жолдары практика жүзінде көрсетілді. Сонымен қатар қатты аптап ыстық кезде жеке қауіпсіздік техника шаралары, темір жолда жарақат алу жағдайы мен себептері, пойыздар құрамын сапалы техникалық тексеру, шаруашылық пойыздарымен жұмыс тәртібі, стандартты емес жағдайларда іс-қимыл тәртібі туралы сөз болды. Жиын барысында вагон шаруашылығында жетістіктерге жеткен теміржолшылар есімі де аталды. Әсіресе, биыл Маңғыстау вагон пайдалану депосының 25 жұмысшысы «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталса, соның үшеуі осы сайөтестік вагон қараушылар Қадырхан Әбілғазиев, Мырзабек Қосбергенов, Аслан Есбосынов екендігі айтылды. Олар вагон шанақтарының бұзылуы, орнынан қозғалып кетуі сынды ақауларды дер кезінде анықтаған.

Ұйымдастырушылар осындай сабақтардың, әсіресе, оқытудың стандартты емес түрлерінің сала қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыруда ықпалы зор екенін жеткізді.