Табыс көзі - тасымал

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Қазіргі таңда отандық темір жол саласында көліктік логистика жүйесін дамытуға зор маңыз берілуде. Бұл саланы өркендету арқылы мол табысқа кенелуге болатыны әлемдік тәжірибеден анық білінеді. Сол себепті аймақтар бұл бағытта жаңаша жұмыс жасау тәсіліне көшкен. Мысалы, Атырау жүк тасымалы бөлімшесі логистика бағытында өнімді жұмыс жасап, тәп-тәуір табыс тауып келеді.

2019 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша бөлімшеде тиелген жүк көлемі 4 млн 209 мың тоннаны құрап, жоспар 102,2 пайыз болып межеден асып түсті. Ал техникалық жоспарға сәйкес, жүк тиеу 5 айда 101,5% болып, 73,1 мың тоннаға артығымен орындалған.

– Жалпы, өткен 5 айда бөлімше бойынша жалпы тасымалда барлығы 77 551 вагон пайдаланылған болса, оның ішінде 792 вагон «КТТ» АҚ-на тиесілі де, қалған 76748 вагон түгел өзге меншік иелері мен жалға алушылардікі екен. Аталған мерзімде 77551 вагон жүк тиелген, оның ішінде экспортқа – 53189 вагон, 3-ші елдерге – 40617, ТМД елдеріне – 12572, ҚР – 24362 вагон жүк тиелген. Кейбір жүк жөнелтушілердің тиеуге берген вагондарды (18010 вагон) игере алмағандығынан және төлемқабілетсіздігінен 62 млн 920 мың141 теңге айыппұл салынған. Жүк тиеу бағытында техникалық жоспар мынадай жүктермен орындалған: мұнай өнімдері – 104,1%, өнеркәсіптік шикізат – 142,5%, қара металл сынықтары – 146,8%, машина және жабдықтар – 165,1%, қара металл – 342,5%. Байқағанымыздай, өңірде жүк тиеу көлемі жоспардан әлдеқайда артып тұр, – деп ақпар берді Атырау жүк тасымалы бөлімшесі логистика және жүк тасымалы бөлімінің бастығы Айбек Ибраев.

Жүк түсіру көлемі де одан кем емес екен. Мысалы, тәуліктік 346 вагон орнына 383 вагон болып, жоспар 110,7 пайызға жетті. Жергілікті вагон айналымы да жаман емес, 101,1%. Расында бүгінде бөлімшеде жүк операциялары үшін ашық 11 станция болса, олардың бәрінде логистикамен айналысатын мамандар бар. Мамандар жергілікті жерде, станция басында барлық құжаттарыңызды рәсімдеп береді. Бұл жұмыстардың біртіндеп электронды түрге көшуі және мамандардың жаңаша көзқарасы тасымал тасқынын артуға сәл де болса себепші екені анық. Екі жағдайда да уақыт үнемдуге көп маңыз беріледі.

Бүгінде Атырау өңірі өндірісті аймақ болып отырғаны рас. Бірнеше индустриалды-инновациялық жобалар жүзеге асырылып отыр, олардың көлік логистикасын дамытуға әсері бары да анық. Мәселен, Біріктірілген Газхимиялық кешен. Жоба 2018 жылдың аяғына қарай пайдалануға тапсырылды. Кешенді зауытты іске қосқан кезден бастап бірінші кезеңінде жылына 500 000 тонна полипропилен өндіріледі. Теңіз кенішінен зауытқа газ жеткізу үшін тәулігіне 60 цистерна мен 20 тонналық 70 контейнер және 40 фитингілік платформа қажет. Екінші жоба – Химиялық зауытты қайта жаңарту. Биылдан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңа өнім – параксилол шығарады, оны Ресей мен Белоруссияға жөнелту үшін тәулігіне 20 футтық 110 контейнер қажет.

– Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта жаңартудан өткеннен кейін бензол, параксилол, автобензин, дизотын, реактивті отын шығару көлемін арттыруына орай Ақжайық станциясы арқылы жылына 50 мыңдай ашық түсті цистерналар пайдаланылады. Сонан соң, Қашаған кен орны жұмысына байланысты Қарабатан станциясынан 60 жартылай вагон мен 40 футтық контейнерлер экспортқа жіберіледі. Міне, осы жобалар өңірдегі теміржол тасымалына көп жаңалық әкелуде. Ал, қазіргі уақытта «Қазтеміртранс» АҚ, «Кедентранссервис» АҚ, «Қазтранссервис» АҚ вагондары аймақтағы жүздеген жүк жөнелтіп-қабылдаушыларға толыққанды қызмет көрсетуде, – дейді логистика бөлімің басшысы.

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі көліктік логистика жүйесін одан әрі дамытып, жүк тасымалы көлемін арттыру, көлік қызметін пайдаланушылармен тиімді қарым-қатынас жасауды жақсартуға барынша күш салынуда. Өңірде өнікті еңбек етіп, қазақ мұнайын еселеп өндіріп-өңдеп жатқан «Теңізшевройл», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» сынды ірі кәсіпорындармен қатар, «Кедентранссервис», «Қазтеміртранс», «Қазтрансс ервис», басқа да мекеме-филиалдармен әріптестік байланысты нығайта түсуге жұмыс жасалуда.