Пойыз құрастырушыларды ережелерді қаншалықты білетіні тексерді

Жуырда Шымкент ЖТ бөлімшесінде пойыз құрастырушылардың ПТЭ, ИДП, ИСИ ережелерін қаншалықты жақсы білетіні туралы байқау өтті. Қарулы да күшті жігіттің жігітіне сын, қауіпті де жауапты жұмысты атқаратын азаматтардың білімі мен білігін сынға салған сайыс өте қызықты да тартысты өрбіді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланған іс-шаралары аясында және Шымкент жол бөлімшесі филиалының техникалық оқудың сапасын жоғарылатуға бағытталған шараларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған байқау Шымкент жүк тасымалына қарасты станцияларда еңбек етіп жатқан қарапайым еңбек адамдары – пойыз құрастырушылардың кәсіби деңгейін анықтап берді.

Байқауды өткізу үшін «ҚТЖ-ЖТ» – «Шымкент ЖТ бөлімшесі» филиалының директоры Е.Ермановтың байқауды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты бұйрығына сәйкес, байқау екі кезеңмен өткізілді. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылардың станцияларда, желі бойында ПТЭ, ИДП, ИСИ талаптарын сақтауы, қаншалықты білетіндігі тексерілді. Сонымен қатар, байқауға қатысатын кандидаттар іріктелініп алынды.

Екінші кезеңде жарыс командаларға бөлініп, ойын түрінде өзара сайыс өткізді. Байқауға 24 пойыз құрас тырушысы қатысты. Олар Арыс, Шымкент, Қазығұрт, Түркістан, Сарыағаш, Текесу, Қызыл-сай, Манкент, Қорғасын станцияларының пойыз құрастырушылары. Жас шамалары да әртүрлі. Араларында талай жыл тер төккен тәжірибелілері де, еңбек жолын екі жыл бұрын бастаған жастар да бар.

Байқаудың қорытындысы бойынша барлық сыннан сүрінбей өткені былай тұрсын, алдарына жан салмаған Қазығұрт станциясының пойыз құрастырушылары бірінші орынды иемденді. Ал екінші орынды Сарыағаш станциясы, үшінші орынды Түркістан станциясы алды.

«Жарыстың қорытындысы бойынша 1 орын алған команданың құрамында Қазығұрт станциясының пойыз құрастырушылары Е.Мейірбеков, С.Жүсіпов, И.Елеусін сынды өте шебер пойыз құрастырушылар болды. Екінші орынды Сарыағаш станциясының команда құрамы жеңіп алды. Олар да А.Жолдықараев, Ж.Тұрлыбеков, Н.Садибеков сынды мықты жігіттерден құралған команда болды. Үшінші орын алған Түркістан станциясы командасы да осал емес, құрамында Б.Ахметжанов, Б.Аумақұлов, А.Даулетов сынды «сен тұр – мен атайын» дейтін сайыпқыран жігіттер болды. Байқауда пойыз құрастырушылардың білімі мен біліктілігі, жұмыс барысында ұтымды, ұтқыр шешім қабылдай алатын ұйымдастырушылық қабілеттері есепке алынды. Барлық теміржолшылар өз ісіне адал, қандай тапсырма мен міндет жүктелсе де орындай алатындықтарын көрсете білді», – деп әңгімелеп берді сайыс қорытындысы туралы Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Ильяс Нұржанов.

Байқау соңында жарысқа қатысқан барлық пойыз құрастырушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.